Елордада еліміздің ең басты шыршасының шамдары жағылды
|
Астана жаңа жыл мерекесін тойлауды да бастап кетті. Бүгін еліміздің ең басты шыршасының шамдары жағылды. Оны дәстүр бойынша президент Нұрсұлтан Назарбаев емес, бұл жолы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Мария Вольнова жақты.
Ақорданың басты алаңына орнатылған шыршаның биіктігі 25 метр. Жасыл шырша екі жарым мыңдай ойыншық пен түрлі әшекейлермен безендірілген. Алыстан менмұндалап көздің жауын алады. Ал президент резиденциясының дәл алдына қойылған шыршаның шырағын жағу рәсіміне үш мыңнан астам мектеп оқушылары қатысты. Арқаның саршұнақ аязына қарамастан жасөспірімдердің қуанышында шек жоқ. Шырша жанында балалар ән айтып би биледі. Мерекелік думанның көрігін театрландырылған қойылым одан әрі қыздыра түсті. Басты шырша Ақордадан да, басқа мемлекеттік кеңселердің терезесінен де анық көрінеді. Енді әсіресе, шенеуніктер жыл соңына дейін мерекелік көңіл күйдің әсерімен өнімді жұмыс істейтін шығар.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін