Жарияланды: 310

Елордада мүгедек балалардың ем қабылдауына көмек көрсету бойынша қаржы бөлінді

Бүгін Астана әкімдігінде мүгедек балалардың ем қабылдауына көмек көрсету бойынша қаржы бөлінді.

«Әкімдік тарапынан бұндай дәстүрлі көмек мүгедек балалары бар отбасылар үшін үлкен қолдау. Өйткені, осындай отбасылар көбінесе өздері қомақты қаржы бөліп, балаларын емдей алмайды. Осындай көмек жасалып жатқанына 5 жылға жуық уақыт болды»,-деді Астана қаласы мүгедек балалар қоғамының төрайымы Қамқа Жасанова. Белгілі болғандай, бүгін әкімдікте 25 балаға көмек көрсету бойынша 15,5 млн. теңге көлемінде қаржы тапсырылды. Бұл жеткіншектерді іріктеуге арнайы комиссия қатысып, ата-аналарының жазған өтініші бойынша комиссия тарапынан тиісті шешім жасалады. Оның айтуынша, мүгедек балалар Қазақстанда және шетелдерге барып ем қабылдайды. «Біздің қоғамда 600-ге жуық бала тіркелген. Соның ішінде емді дереу қажет ететін 65 бала тізімге енгізілді»,-деді ол. Айта кетейік, 2008 жылы әкімдіктің бастамасы бойынша «Бәйтерек» қайырымдылық қоры құрылып, оның есеп-шотына қайрымдылық акциялары кезінде түскен қаржы аударылып отырады. Мәселен, 2012 жылы Астана күнін мерекелеу аясындағы шараларға билеттерді сатудан 20 млн. теңгеден астам қаржы жиналды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін