Салтанатты шара Бейбітшілік және келісім сарайында болды. Фестиваль былтыр бірінші рет өткен. Биыл да Magic Astana фестиваліне әлемнің үздік сиқыршылары жиналды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Фестивальдің бірінші күні Бейбітшілік және келісім сарайына жиналған қауым адамсенгісіз таңғажайып шоу тамашалады.
Сиқыршылардың айтуынша, қойылымдар жан-жақты. Астаналық көрермендерді Оңтүстік Кореядан келген қонақ An Ha Lim тәнті етті. 24-ші Дүниежүзілік сиқыр чемпионатының күміс жүлдегері әлемде ешкім қайталай алмайтын карталармен жасалатын манипуляцияны көпшілік назарына ұсынды.
Сондай-ақ, фестивальға Жапониядан келген қонақ Jinpei Washiro да қатысты. Ол арнайы кенепке жарқырайтын бояу мен аздаған жарықтың көмегімен сурет салды.
Бұдан басқа, «Британия дарындарды іздейді» шоуының финалисті ресейлік «Юди» би ұжымы да өз өнерін ортаға салды. 2007 жылы аталған топ Бірінші арнада «Минута славы» шоуының жеңімпазы атанған болатын. Magic Astana 2015 сиқыр фестивалі Қазақстанда өтетін бірегей шоу болып табылады.
Сиқыр мен иллюзияның ІІ Magic Astana 2015 халықаралық фестивалі бүгін, 6 шілде — Астана күні, Бейбітшілік және келісім сарайында сағат 19:00 қорытындыланады.