«Жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беріп, оларды отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында Астана қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен білім басқармасы бірлесіп, 2011 жылғы 17-21 мамыр аралығында қала мектептерінің 11 сынып оқушылары арасында оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Осы іс-шараларға қолдау көрсету үшін 68665 әскери бөлімі (қырқыншы стансасы) базасында 19 мамырда жиынға қатысушы оқушыларға және жауынгерлерге арнап ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің ән-би ансамблі концерт қояды», — делінген баспасөз хабарламасында.
Концерттің мақсаты — жастарды Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу, әскери өмірдің үздік дәстүрі мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу.
ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің ән-би ансамблі құрылымдық бөлімше ретінде мәдени-ағартушылық және жауынгерлердің демалысына қатысты шараларды сапалы орындауға әсерін тигізіп, Ішкі әскерлердің беделі мен абыройын көтеруге атсалысады. Ансамбль фольклорлық-этнографиялық, би, вокалдық-хор топтарынан, сондай-ақ эстрадалық оркестр мен әнші-вокалистердің кіші құрамынан тұрады. Сонымен бірге ансамбльдің құрамына қоюшы режиссер, бас балетмейстер мен музыкалық басшысы бар әкімшілік-шығармалық топ кіреді. Ансамбль тек Ішкі әскерлердің ғана емес, мемлекеттік көлемдегі іс-шараларға да белсенді түрде қатысады. Ансамбль ұжымы «Біз — Жеңістің мұрагерлеріміз», «Офицер — ерлік мамандығы», «Отанға қызмет ету — халыққа қызмет ету», «Конституцияға адалмыз», «Қазақстаным — менің болашағым» атты республикалық патриоттық акцияларға белсене қатысып жүр.
Қазіргі кезде ұжымда жоғары кәсіби деңгейдегі әншілер, бишілер және музыканттар жұмыс істейді. Олардың арасында ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Хамзина, белгілі әнші Естай Мұқашев, халықаралық конкурстардың лауреаты Бибігүл Жанұзақ, республикалық конкурстардың лауреаты Бауыржан Нұрымбетов, Серік Жапаров, Асхат Тауышев, Бауыржан Тұрғымбаев, Әділбек Күнтуған бар. Сондай-ақ әртістердің орындаушылық шеберлігін арттырудағы шығармашылық жұмыстарды жүргізуде ұжым басшылары Асқар Жарықбасов пен Аида Бекішеваның еңбегі зор. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі әрі басшысы — полковник Рахметжан Шамұратов.