Кештің мақсаты — заманымыздың заңғар жазушысы, түркі халықтарының маңдайына біткен қайталанбас қаламгер — Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын насихаттау. Шыңғыс Айтматов өзінің әлемді тамсандырған үздік, баға жетпес туындылары арқылы тек қырғыз халқының ғана емес, бүкіл түрк халықтарының әдебиетін биік белеске көтере білді. Әлем бұрын қырғыз халқын «Манасымен» таныған болса, 20-шы ғасырда Шыңғысымен тани бастады. Ол көзі тірісінде бүкіл адамзатқа ортақ болып саналатын құнды еңбектер жазып, сол арқылы жұртшылық арасында жиі резонанс тудырып отырды. Шыңғыс Айтматов өзінің сан-салалы шығармаларында Кеңестер одағы кезінде айтылмай жүрген шындыққа ден қойды және оны үлкен деңгейде жария етті.
Ш. Айтматовтың бүкіл шығармашылығы мен өмірі бастан-аяқ қазақ халқымен тығыз байланысты болды. Сонау «Жәмиләдан» бастап, әлемге танымал «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» сияқты барлық шығармаларындағы көркем образдарының рухы мен мінезі қырғыздан гөрі қазаққа өте-мөте жақын еді. Жазушының өзі де Талас өзенінің жоғары сағасында қазақ ауылымен іргелес, қоныстас жерде туып-өскен.
Ш.Айтматов 1928 жылдың 12 желтоқсанында Талас облысының Шекер ауылында дүниеге келген. Өзінің бірінші әңгімелерін 1952 жылы жариялады, 1956-1958 жылдары Мәскеудегі Жоғары әдебиет курстарында оқыды. Ол әлемге танымал «Жәмилә», «Қош бол, Гүлсары» повестері, «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн» романдарының авторы. Айтматовтың соңғы шығармаларының бірі — «Таулар құлағанда (Вечная невеста)» романы 2006 жылы Мәскеуде жарық көрді.
Шыңғыс Айтматов — Ленин сыйлығының иегері (1963) және КСРО мемлекеттік сыйлығының үш мәрте (1968, 1980, 1983) иегері, 1988 — 1990 жылдары КСРО-ның кезіндегі жетекші журналдардың бірі «Иностранная литература» журналының бас редакторы болған.
Қайта құру жылдарында КСРО президенті Михаил Горбачевтың кеңесшісі болды, 1990 — 1994 жылдары КСРО мен Ресейдің Бенилюкс елдеріндегі елшісі қызметін атқарды. 2008 жылдың наурыз айына дейін Қырғызстанның Франция, Бельгия, Люксембург және Нидерланды елдеріндегі елшісі болды. Өмірінің соңына дейін шығармашылықпен қатар қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ.
Іс-шараға қоғам және мәдениет қайраткерлері, БАҚ өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары шақырылып отыр. Сондай-ақ Қырғызстан Республикасынан арнайы шақырылған қонақтар қатысады деп күтілуде.