Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Олардың қатарында велосипед, скейт, самокат, телефондар мен планшеттер т.б. бар. Жыл сайын жаңа жыл мейрамы қарсаңында өткізілетін «Саз сиқыры» фестивалі аясында бүлдіршіндер мейірім мен қамқорлық сезіміне бөленіп, мерекелік атмосфераны сезінеді.
Биыл «Саз сиқыры» жобасы аясында келесі ұйымдарға көмек көрсетіледі:
1.Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы (Кенжекөл ауылы, Павлодар обл.)
2. Қиын жағдайда қалған балаларға қолдау көрсету орталығы (Тараз қаласы)
3.Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйі (Геолог ауылы, Атырау обл.)
4. «Таңшолпан» балалар үйі (Пришахтинск ауылы, Қарағанды обл.).
Жиналған қаражатқа жоғарыда көрсетілген балалар мекемелеріндегі ойын бөлмелері мен оқу шеберханаларына арналған заманауи құрал-жабдықтар, сондай-ақ оңалту жабдықтары сатып алынады.
Фестивальдің ұйымдастырушысы – «Дегдар» гуманитарлық қоры.
— «Саз сиқыры» жобасы биыл 4-рет өтуде. Жоба аясында біз жыл сайын 4 балалар үйіне көмек көрсетеміз. Қазір жоба тарихы еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан 12 балалар үйін қамтиды. Жоба балалар үйіне қажетті медициналық және оқыту жабдықтарын сатып алуды, сондай-ақ әр балаға сыйлық беруді көздейді. «Саз сиқыры» жобасы – бұл балаларға ұмытылмас эмоция мен мерекелік көңіл-күй сыйлайтын нағыз сиқыршылардың жобасы. Еліміздің әрбір азаматы осы жобаға қатысу арқылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге қолдау көрсететін сиқыршы бола алады,- деді «Дегдар» қорының директоры Лаура Ахметова.
Балалар үйінің өкілдері де ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.
— Біздің тәрбиеленушілерге осындай қамқорлық көрсетіп, қолдау білдірген «Дегдар» қорына зор алғысымызды айтамыз. Балалар өздері көптен бері армандап жүрген сыйлықтарын алатын күнді асыға күтуде. Бұл біздің балалар үшін үлкен қуаныш, естен кетпес естелік. Сондай-ақ бүгінгі тамаша мерекелік концерт үшін де алғысымыз зор,- деп жеткізді Атырау облысының Геолог ауылында орналасқан «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінің» директоры Гүлсара Ботатаева.
Ізгілік пен мейірім шуағына толы қайырымдылық фестивалінің шарапатын балалар үйінің тәрбиеленушілерімен бірге елордалық көрермендер де сезіне алды. Бас қаланың тұрғындары мен қонақтары таңғажайып әуендерге толы музыка әлеміне саяхат жасады. Фестиваль аясында «Қазақстан» орталық концерт залында өткен «Рождество әуендері» қайырылымдылық концерті көрерменнің зор ықыласына бөленді. Концертке отандық классикалық өнердің майталмандары Салтанат Ахметова, Дамир Садуахасов, ASTANA OPERA халықаралық опера академиясының білім алушылары қатысты. «Астана опера» театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өткен концерттің дирижері – Константин Хватынец (Ресей). Сахнада белгілі опералар мен оперетталардың ариялары орындалды. Көрермендер бұл концертті әдеттегідей тегін тамашалай алды.
Бұған қоса, концерттік залдың холлында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған қайырымдылық бокстары орнатылды.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, 2017 жылдан бастау алған «Саз сиқыры» фестивалін өткізу игі дәстүрге айналды. Фестиваль аясында 2017- 2020 жылдар аралығында 121 854 812 тг. жиналды. Бұл қаражатқа әлеуметтік қолдауға мұқтаж балалар үйлері үшін ойын бөлмелері мен оқу шеберханаларына арналған құрал-жабдықтар, сондай-ақ оңалту жабдықтары сатып алынды. «Саз сиқыры» фестивалінің негізін қалаушы және идеялық бастаушысы – Дариға Назарбаева. Ол «Дегдар» қорының Қамқорлық кеңесін басқарады.