Аталған шара Мәдениет министрлігінің қолдауымен, «Шабыт» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтуде. Оған Иран, Ресей, ОАР, Испания, Ливан, Палестина елдерінің дипломатиялық миссия өкілдері, жастардың қоғамдық ұйымдары мен ҮЕҰ, «Нұр Отан» партиясының мүшелері қатысты.
«Жиынның көздейтіні — шығармашыл жастардың дамуына және ықпалдастығына, мәдениеттердің дамуына бағытталған күш-жігерді жұмылдыру. Біздің дөңгелек үстел алдымызға қойған үлкен бастамаларымызға жақсы серпін береді», — деді «Шабыт» қоғамдық қорының директоры Талант Төлебеков.
Оның айтуынша, Астанада мәдениеттің өркендеуіне орасан зор әлеует құру қажет. «Қазірдің өзінде Қазақстанның бас қаласында шығармашыл жастардың өз өнерлерімен көрінуіне барлық мүмкіндіктер жасалған. Бұнда бірегей концерттік залдар салынған. 10 жыл ішінде елордамызда жас таланттардың шығармашылық бастамаларының орындалуына жағдай жасайтын өте мықты мәдени кластер қалыптасып үлгерді», — деп атап көрсетті ол.
Дөңгелек үстел барысында шығармашыл жастар өкілдері Қазақстанда келесі 2011 жылды «Мәдениеттердің жақындасуы жылы» деп жариялау жөнінде бастама көтерді. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2010 жыл — «Мәдениеттердің жақындасуының халықаралық жылы» деп атаған болатын. Бұл қозғалыс ЮНЕСКО ұйымының жетекшілігімен өтті.
«2011 жылы «Шабыт» қоры және Мәдениет министрлігі осы бастаманы алға жылжытуды көздейді және аталған жобаны іске асыру үшін халықаралық ұйым өкілдерінен, елдегі шетелдік дипломатиялық миссия тарапынан қолдау күтеді», — деп атап көрсетті Т. Төлебеков.