Жарияланды: 300

Елордада Жаңа жылда жаңа нысандар пайдалануға берілмек

Еліміздің бас шаһарында халық саны күн санап артуына орай жаңа ғимараттар да көптеп бой көтеруде. Олар - көбіне-көп білім ордалары, медицина, сауда ойын-сауық орталықтары мен тұрғын үй кешендері, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты.

Атап айтқанда, жақында ғана №6 қалалық емхана Оңтүстік Шығыс шағын ауданында жаңадан пайдалануға берілген амбулаториялық-емхана кешеніне көшті. Мұнда ауысымына 350 ересек адам мен 150 баланы қабылдайды. Емханалық кешен жаңа құрылғылармен жабдықталған. Маммографиялық құрылғы, компьютерлік томография, ультрадыбысты және функционалды диагностика, 3 ота жасайтын бөлме бар. Аталған емханада онкологиялық, хирургиялық, гинекологиялық, урологиялық ота түрлері жасалады. «Бұл жерде әр түрлі оталар жасауға болады. Мысалы, іштің жарығына, шаттың жарығына, санның жарығына. Мұндай оталарды арнайы құралдар арқылы кесіп емес, тесіп жасаймыз», дейді амбулаторлық-хирургия бөлімінің меңгерушісі Қуандық Жұманқұлов. Астана қаласы бойынша жыл сайын 18 000-ға жуық нәресте дүниеге келеді. Ал, олардың заман талабына сай өсіп-өніп, тәлім алуы да назардан тыс қалмайды. Әзірге қалада 52 жекеменшік, 69 мемлекеттік балабақша бар. Ал, 1 қаңтардан бастап Сарайшық көшесінде тағы 2 балабақша өз жұмысын бастауға дайын. Келер жылы олардың саны тағы арта түседі. Астана қалалық білім басқармасының бастығы Әсима Бимендинаның айтуынша, 2013 жылы 6 балабақшаның құрылыс жұмыстары жалғасып, 4 балабақшаның құрылысы басталады. «Сонымен, барлығы мемлекеттік 10 балабақша ашылады деп күтілуде. Бірақ та қазір жекеменшік балабақшаның да саны артуда. Ол да үлкен көмек», - деді ол. Келер жыл мектеп оқушылары үшін де қуанышпен басталады. Нақтысын айтсақ, 600 орындық №19 орта мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілуге дайын. Бұл қазір 889 оқушы оқып, 400 орын тапшылығы айқын сезіліп отырған түйткілді мәселені шешуге мүмкіндік берері сөзсіз. Айта кету керек, жаңа ғимаратта химия, информатика, биология, физика кабинеттері де қарастырылған. Астанада бүгінде 86 663 мектеп оқушысы білім алады. Алайда, жақын аймақтан қоныс аударушылардың көптігіне байланысты мектептерде орын жетіспеушілігі мәселесі туындайды. Осы мәселені шешу үшін 2013 жылы 3 мектеп, 2014 жылы 6 мектеп, 2015 жылы 6 мектеп салынатын болды. Айта кету керек, аталған мектептер - 1200 орындық.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін