Таяуда Өзбекстанның Ташкент қаласында самбодан өткен дүбірлі додада 25 мемлекеттің спортшылары қатысқан болатын.
Астана қаласы ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің аға инспекторы полиция аға лейтенанты Әлия Жылқыбаева осы жарыста самбодан күміс жүлдені иемденсе, оның ақтөбелік әріптестері қола медальді қанағат тұтты.
72 келі салмақтағы Жылқыбаева алғашқы сында Өзбекстан елінің спортшысымен, екінші мәрте түркіменстандық әріптесімен сында жеңіске ие болады. Финалға жүлде алу үшін испандық спортшымен бәсекеге түсіп, 5:1 есебімен тағы да жұлдызы жанады. Ал финалға шыққанда бір орынға талас кезінде ресейлік әріптесінен жеңіліс тапты.
Бұл самбо күресі бойынша халықаралық спорт шебері, дзюдодан спорт шебері Әлияның алғашқы жеңісі емес, 2009 жылы Өзбекстан елінің астанасы Ташкент қаласында өткен самбо күресінен Азия чемпионатында Қазақстанға 1 орынды алып келсе, сол жылдың желтоқсан айында Грек елінде өткен самбо күресінен әлем чемпионатында 3 орынды қоржынына салып қайтты.
Шырайлы Шымкент қаласында дүниеге келген Әлия 13 жасынан бастап спортқа әуес болады. Кейін аталмыш қаланың Қазақ-түрік университетінің дене шынықтыру бөліміне оқуға түсіп, өмірін спортқа арнайды.
Қазіргі полиция аға лейтенанты өзі ісінің шебері ғана емес, елордалық сақшылардың абыройын асқақтатып жүрген спортшы жаттықтырушылары «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің командирі полиция полковнигі Дәулет Темірханов пен Ахат Әшіровты өмірлік ұстаздары ретінде пір тұтады.
Спорттың қай түрін болмасын меңгеру бүгінгі полиция қызметкерінің ел алдындағы борышын атқару, қоғамдық тәртіпті қорғау, құқық бұзушылықты болдырмау, азаматтардың заңды мүдделерін қорғау кезінде аса қажет. Қырағылық, күштілік, төзімділік — осы қасиеттердің барлығы ішкі істер органдары қызметкерінің бойынан табылуы тиіс.