«Астана кештері» ІІ халықаралық өнер фестивалі Бейбітшілік пен келісім сарайында 27-29 маусым күндері өтеді. Фестиваль «Дегдар» МҚ Қамқоршылық Кеңесінің Төрайымы Дариға Назарбаеваның бастамасы және қолдауымен өткізілуде. Жоба аясында Ресей мен Қазақстанның танымал орындаушылары өнер көрсететін 3 концерт беріледі.
«Бұл коммерциялық емес, қайырымдылық жобасы болып табылады. Сондықтан барлық билеттер тегін таратылып, шақыру билеттерін Бейбітшілік және келісім сарайының кассасынан алуға болады. Фестивальді ұйымдастырушылар халықтың барлық әлеуметтік топтарына жоғары өнерден сусындау мақсатын қойып отыр»,- деп хабарлайды медиатоп.
Фестиваль аясында Дариға Назарбаеваның қатысуымен «Кватро» (Ресей) тобы «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүймелдеуімен өнер көрсетеді. Дирижері — Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Александр Беляков. Сонымен қатар сахнаға жобаның тұрақты қатысушылары «Мәдениет» телеарнасында «Романс романтикасы» — «Петербург романсы» қорының төрайымы Галина Ковзель, Ресейдің еңбек сіңірген әртістері, Мариин театрының әншілері Владимир Самсонов, Евгений Акимов, Ирина Матаева, Елена Буланованың аспаптар ансамблі, классикалық музыканың хас шебері, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева (скрипка), ҚР Еңбек сіңірген әртісі Тимур Урманчеев (фортепиано), халықаралық байқаулардың лауреаты Денис Шаповалов (виолончель, Ресей), «Солистер академиясы» Мемлекеттік камералық оркестрі, дирижері — Евгений Бушков (Ресей) шығады.
Барлық концерттерді Ресейдің халық әртісі Святослав Бэлза жүргізеді.