Еңбегі бағаланбаған дәрігерден нәтиже сұрау әділетті ме? Медицина саласын қаржыландырудың жаңа тәсілі сынға ұшырады - kaz.caravan.kz
  • $ 486.2
  • 557.82
+7 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Наурыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еңбегі бағаланбаған дәрігерден нәтиже сұрау әділетті ме? Медицина саласын қаржыландырудың жаңа тәсілі сынға ұшырады

Еңбегі бағаланбаған дәрігерден нәтиже сұрау әділетті ме? Медицина саласын қаржыландырудың жаңа тәсілі сынға ұшырады

Медицина саласы үлкен бетбұрыс алдында тұр. Жаңа реформа қандай өзгерістер әкелуі мүмкін?

  • 17 Наурыз
  • 42
Фото: Caravan.kz

Нәтиже басты көрсеткішке айналса, ауруханалар ауыр науқастардан бас тартуы мүмкін ме? Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты саралап көрді. 

Елімізде денсаулық сақтау жүйесін қайта құруға бағытталған тағы бір маңызды реформа талқыланып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтерді қаржыландырудың тәсілдерін өзгертуді көздеп отыр. Яғни, нәтиже басты көрсеткішке айналмақ. 

Бұрын медициналық ұйымдар пациенттің дәрігерге жүгіну фактісі мен көрсетілген қызмет санына қарай қаржы алып келген. Жаңа тәсіл бойынша төлем емнің тиімділігіне, яғни науқастың жазылып шығуына байналысты болуы мүмкін. Халық үшін аталмыш идея әділетті көрінеді. Дегенмен сарапшылар мұндай өзгерістерге біздің медицина дайын емес екенін алға тартуда. Дайындықсыз мұндай өзгерістерді енгізсек, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы зардап шегуі мүмкін деген болжамдар айтыла бастады.

Дәрігер жауапкершілігі және медицинаның ықпал ету шегі

«Медициналық инвестициялық альянс» РҚБ басқарма төрайымы Лейла Ишбаева «Время говорить» бағдарламасындағы сұхбатында айтқандай, нәтижеге бағытталған медицина әрине халықтың қолдауына ие болады. Алайда адамның денсаулығын айқындайтын жалғыз фактор медицина емес. 

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, адамның денсаулығының 50 пайызы оның өмір салтына байланысты. 20 пайызы — генетикалық факторлармен анықталады, тағы 20 пайызы — қоршаған ортаның жағдайына тәуелді. Ал денсаулық сақтау жүйесінің үлесі 10 пайыз шамасында», — деп түсіндірді маман. 

Осы тұрғыдан алғанда ем нәтижесіне қарай төлем жасау дәрігерлерді олардың бақылауынан тыс тәуекелдер үшін жауапты етуі мүмкін. Мысалы, ауыр сырқаттар немесе өлім жағдайларында дәрігерлердің жұмысын қалай бағалау керек деген заңды сұрақ туындайды.

Нәтиже индекаторлары неге жұмыс істемейді?

Сарапшылар денсаулық сақтауды басқарудың классикалық моделінде құрылым, процесс және нәтиже индикаторлары деп аталатын үштаған бар екенін еске салды.

«Нәтиже көрсеткіштері өздігінен пайда болмайды. Оған дейін құрылым мен процестер дұрыс жолға қойылуы керек. Адамдар, технологиялар және ұйымдастыру жүйесі бірге жұмыс істегенде ғана нәтиже болады. Өкінішке қарай, бізде дәл осы процестерде үлкен мәселе бар», — дейді Ишбаева.

Оның айтуынша, бүгінде жүйеде сапаны бағалайтын 70-тен астам көрсеткіш бар, бірақ олардың енгізілуі медициналық көмектің нақты жақсаруына әкеліп жатқан жоқ.

Ауыр пациенттерден бас тарту қаупі

«Сұңқар» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Қуаныш Керімқұлов жаңа модель медициналық ұйымдардың күрделі жағдайлардан қашқақтауына әкелуі мүмкін деп есептейді.

«Егер адам қайтыс болса, онда ол үшін ешкім төлемейді. Бұл неге әкелетінін елестете аласыз ба? Көптеген ауруханалар ауыр пациенттерді қабылдаудан бас тартуы мүмкін», — деді ол.

Оның пікірінше, бүгінгі күні медициналық қызмет сапасы көбіне клиникалық хаттамаларды формалды сақтауымен теңестіріледі.

«Министрлік үшін қызметтің хаттамаға сай көрсетілгені маңызды. Ал пациенттің шынымен жазылып кетуі екінші кезекте қалып жатады», — деді сарапшы.

Керімқұлов жүйенің тиімділігін арттыру үшін қаржыландыруда бәсекелестік ортаны дамыту және ерікті медициналық сақтандыруды енгізу қажет деп санайды.

«Сақтандыру компаниялары пациенттің ұзақ әрі сапалы өмір сүруіне мүдделі. Себебі ауырған немесе қайтыс болған адам жарна төлемейді», — деп атап өтті ол.

Реформаларды бірден енгізу өңірлік теңсіздікті күшейтуі мүмкін

Қоғам белсендісі Гүлнар Омарова мұндай реформаларды бүкіл ел бойынша бір мезетте енгізуге болмайды деп есептейді.

«Кез келген жоба міндетті түрде сынақтан өтуі тиіс. Біз унитарлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, сондықтан бұл өзгерістердің ауылдарда, өңірлерде қалай жұмыс істейтінін көру қажет. Бізде өңірлер арасындағы айырмашылық өте үлкен. Ауылдарда кейде қарапайым диагностика жасау мүмкіндігі жоқ. Мұндай жағдайда сапаны қалай өлшейміз?» — дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі күні көптеген пациенттер диагностика мен ем алу үшін ірі қалаларға баруға мәжбүр. Сондықтан медициналық көмектің сапасын бағалау кезінде инфрақұрылымдық шектеулерді ескеру қажет. Сонымен қатар дәрігерлердің клиникалық жұмысына нақты кім бақылау жасайтыны да белгісіз.

«Осы 15 күндік бақылауды кім бағалайды? Жасанды интеллект қорытындыларды толық оқып, шешім шығара ма? Әлде шенеуніктер ме? Мұнда өлшеуге келмейтін субъективті факторлар өте көп», — деп атап өтті Омарова.

Жүйенің ішкі мәселелері де шешімін күтуде

Талқылау барысында Лейла Ишбаева жүйенің ішкі мәселелеріне қатысты мысалдар келтірді. Оның айтуынша, тарифтік анықтамалықтарда кейбір диагностикалық процедураларға арналған кодтардың болмауы дәрігерлерді формалды түрде дұрыс емес кодтарды қолдануға мәжбүр етеді.

«Дәрігер ер адамнан лимфа түйінінен биопсия алады, бірақ зерттеуді жүргізіп, оны жүйеге енгізу үшін оны жатыр мойны обыры ретінде кодтауға мәжбүр. Мұнда дәрігер кінәлі ме?» — деп сұрақ қойды сарапшы.

Ол жүйедегі бұзушылықтар деңгейі 20 пайыздан асса, бұл жекелеген мамандардың емес, басқару моделінің мәселесі екенін көрсететінін айтты.

Реформалар қысымы және медицина қызметкерлерінің күйзелісі

Сала өкілдерінің бағалауынша, үздіксіз өзгерістер мен теріс ақпараттық фон медицина қызметкерлерінің моральдық жағдайына қатты әсер етуде.

«Бүгінде 600 мың медицина қызметкері белгісіздік пен қысым жағдайында жұмыс істеп жатыр. Өңірлерде жалақы деңгейі төмен, 120 мың жалақы алатын маман кәсібінің беделі түсіп жатқандықтан жұмыстан кетуді ойлай бастайды», — дейді сарапшылар.

Олардың пікірінше, сапаны арттыру үшін ең алдымен кадрларды қолдау, еңбекақыны көтеру және жұмыс жағдайын жақсарту қажет.

Реформа — мүмкіндік те, үлкен тәуекел де

Сарапшылар нәтижеге бағдарланған қаржыландыру идеясы денсаулық сақтау жүйесін тиімдірек етуге мүмкіндік беруі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда мұндай өзгерістер инфрақұрылымды күшейту, басқару процестерін жаңарту, қаржыландыруды арттыру және кезең-кезеңімен сынақтан өткізу арқылы ғана нәтиже беруі ықтимал.

Өйткені мәселе тек жаңа көрсеткіштер енгізуде емес. Мәселе — мемлекет, медицина қауымдастығы және қоғам арасындағы сенімді сақтап қалуда. Ал бүгін қабылданатын шешімдер ертең әрбір қазақстандықтың сапалы медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігіне тікелей әсер етуі мүмкін.