Қазақстан еңбек миграциясын есепке алудың жаңа платформасын іске қосады, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Қазақстан үкіметі миграцияны басқару тәсілін түбегейлі өзгертуді жоспарлап отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 2030 жылға дейінгі жаңа миграциялық саясаттың өзегі болатын Еңбек миграциясының бірыңғай цифрлық платформасын құру жоспарын таныстырды.
Жаңа бастама аясында білікті кадрларды іріктеуден бастап, шетелдік жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға дейінгі бүкіл процесті жүйелендіру қарастырылған. Министрдің айтуынша, еңбек мигранттарын есепке алу, бейімдеу және іріктеудің электронды тетіктеріне басымдық беріледі. Алғашқы кезекте – кадр тапшылығы бар салалар үшін қажетті мамандар тартылады.
Сонымен қатар, көлеңкелі жұмыспен қамту, жалған келісімшарттар мен мигранттарды қанау сияқты заң бұзушылықтармен күрес те күшейтіледі. Үкімет құжатында ұйымдастырылған миграция арналары кеңейтіліп, шекарадан өткен кезде бірден берілетін мигранттың жеке ID-картасын енгізу көзделіп отыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов мәселенің өзектілігін атап өтті. Соңғы екі жылда Қазақстанда тұруға рұқсат алған шетелдіктердің саны 1,5 есеге артқан. Тек мамыр айының өзінде көші-қон заңнамасын бұзудың 7 мыңнан астам дерегі анықталған. Осыған байланысты ол 2025 жылдың 1 қарашасына дейін дерекқорлардың толық интеграциясын қамтамасыз ететін цифрлық платформаны іске қосуды тапсырды.
Бөлек тақырып ретінде қазақстандықтарды шетелге жұмысқа жіберетін агенттіктердің қызметін лицензиялау мәселесі көтерілді. Қазір бұл іспен жиі бақылаусыз жеке компаниялар айналысады. Осыған байланысты Бектенов жыл соңына дейін олардың қызметін реттейтін заңнамалық өзгерістерді әзірлеуді тапсырды.
Көші-қон саясатының бір бағыты этникалық қазақтарға, яғни қандастарға бағытталған. Енді олардың елге келер алдында онлайн сауалнама арқылы біліктілігі, қызығушылығы мен солтүстік пен шығыс өңірлерге қоныс аударуға дайындығы анықталатын болады.