Ел экономикасына соққы: Еңбек нарығына дипломы бар, ниеті жоқ мамандар ағылып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
0 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ел экономикасына соққы: Еңбек нарығына дипломы бар, ниеті жоқ мамандар ағылып жатыр

Ел экономикасына соққы: Еңбек нарығына дипломы бар, ниеті жоқ мамандар ағылып жатыр

Экономикаға шынымен де қажет мамандықтарды дайындау үшін кешенді реформа қажет дейді мамандар. 

  • 16 Қазан
  • 361
Фото - Caravan.kz

Ғылым министрлігінің «Қазақстан жастары» атты есебі шықты. Оны оқығанда еліміздің көрсеткіштері қуантады. Көрсеткіштерге қарасаң, елдегі білім беру жүйесі жаман емес сияқты. Жастардың 76,2 пайызы қазіргі жағдайға көңілі толады екен. Бірақ есепке мұқият үңілген сайын сандардың артында жасырынған проблемаларға тап боласың. Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты саралап көрді. 

Қазақстандық білім жүйесі өмірге емес, ұпай жинуға үйретеді

Мәселені анықтап білу үшін мектептен бастаған жөн. Оқушылардың 42 пайызы әлі күнге дейін интернетке қол жеткізе алмай әуре. Яғни, жаһандық білімнен құр қалып отыр. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының 40 пайызына жуығы химия, физика сабақтарында заманауи құрал-жабдық көрмеген. Яғни ғылым олар үшін құрғақ теорияға айналған. Ал 36 пайызы мектептегі дәретханалардың күйін қорлық деп санайды. Демек, біздің қоғам балаларға кішкентайынан қадір-қасиет пен білімге құштарлықты емес, бәріне төзуді үйретеді.

Алайда аталған проблемалар барлық жерде емес. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Заманауи білім тетіктерінен ажырау және жағдайдың жоғы баланың сағын сындырмаса да, осы жүйеден тезірек құтылуға итермелейді. Мектеп қабырғасынан түлеп шыққан олардың эстафетасын жоғары оқу орындары қабылдап алады. Мамандардың пікірінше,  дәл сол жерде жүйенің дағдарысы шегіне жетеді.

Министрлік келтірген есептегі тағы бір қызық жайтқа назар аударуды жөн көрдік. Студенттер білім сапасына емес, оқудың бағасына наразы. 32,4 пайызы оқу ақысының тым жоғары екенін айтқан. 

Мамандардың айтуынша, қазір жоғары білім алу үшін ақы төлейтіндер мен «тегін», яғни мемлекеттік грантқа түскендердің айырмашылығы жоқ. Олар бір-бірімен тікелей байланысты. 

«Гранттар теңсіздікті азайтуға септігін тигізуі керек еді. Алайд ол тек көзбояушылық. Қалаған грантқа қол жеткізу үшін қарапайым отбасы қыруар ақша жұмсайды. Мысалы, репититорларға, дайындық курстарына, ҰБТ тренингтеріне миллионнан аса жұмсайды. Өкінішке қарай, жұмсалған миллион сыни ойлауға емес, тест форматына үйренуге, дұрыс жауаптарды жаттауға кетеді», — дейді журналист Ляззат Рамазанова. 

Оның айтуынша, бұл жарысқа қатысу билеті. Соңында ең талантты емес, жүйеге бейімделген жеңеді. Осы қымбат «ұпай жинау марафонынан» өткен жас түлек ақыры жоғары оқу орнына түседі. Ол да көбінесе жеке қалауынан туындайтын шешім емес. Студенттің отбасы қуаныштан тойлап жатқанда, бастапқыда-ақ еш ынтасыз таңдалған мамандарға мемлекет қаржы құя бастайды. 

Мамандар мұндай жүйені ел экономикасының болашағына бағытталған соққы деп бағалайды. Мысалы, талапкер дәрігер болуды мақсат етеді, алайда бұл мамандыққа бөлінетін гранттар аз. Ал агроном немесе технолог мамандықтарына грант көп. 

«Бір миллион теңге жұмсаған отбасы қандай таңдау жасайды? Әрине, қалтасына қарай көсіледі. Нәтижесінде еңбек нарығына дипломы бар, бірақ ниеті жоқ, арманы басқа мамандар ағылады», — дейді сарапшы. 

Жақында ҰБТ-ның форматы өзгеретіні туралы ақпарат шықты. Енді логикалық тапсырмалар енгізіледі. Сарапшылар мұны оң бағалап отыр. Алайда нәтижесі қашан болады деген сұрақ туындайды. Себебі миллиондар құйылатын «тестке дайындау индустриясы» бір күнде жоғалмайды. 

«Олар енді түрін өзгертіп, логикалық тапсырмаларға үйрететін курстар сата бастайды. Ал «дұрыс жауаптардың сатылымы да бірден тоқтайды дегенге сенбейміз», — дейді журналист. 

Экономикаға шынымен де қажет мамандықтарды дайындау үшін кешенді реформа қажет дейді мамандар. 

Біріншіден, гранттарды бөлу логикасын түбегейлі өзгерту керек. Ол тек баллға емес, талапкердің шынайы бейімділігіне, оның портфолиосына, жобаларына және тәжірибесіне сүйенуі тиіс. Гранттардың тиімділігіне тәуелсіз аудит қажет. Яғни, тегін оқыған агрономдардың қанша пайызы шын мәнінде егістікке барып жұмыс істейді, ал қаншасы кейін басқа мамандыққа ауысады? Осындай еректер ашық түрде қоғамға қолжетімді болуы тиіс.

Екіншіден, кәсіби бағдар беру жүйесін түбегейлі қайта құру қажет. Қазіргі мектептегі тест жай ғана формалдық. Жаңа үлгі керек, атап айтқанда, білім берудің конструкторы, мұнда жоғары сынып оқушысы теориямен қатар практиканы да меңгереді. Оның жанында тәжірибесін талдап, бағыт беріп отыратын кәсіби ментор болуы тиіс. Сонда ғана оқушы саналы таңдау жасайды. 

«Біз өзімізден сұрайықшы. Біздің білім беру жүйеміздің түпкі мақсаты қандай? Біз оған миллиардтаған теңге жұмсаймыз, ата-аналар да миллиондарын салады, жастар өмірінің ең қымбат жылдарын соған арнайды. Ал соңында не аламыз?», — деп сұрақ тастады журналист Ляззат Рамазанова. 

Перейти к новостям спорта