Енді аста-төк той жасауға тыйым салмақ - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Енді аста-төк той жасауға тыйым салмақ

Енді аста-төк той жасауға тыйым салмақ

Бүгінде қай жақты алып қарасаңыз да – той-томалақтың маусымы. Жағдайына қарай тойды әркім әрқалай жасайды, дегенмен осындайда жөнсіз ысырапқа жол беретіндер де бар.

  • 28 Тамыз 2018
  • 225
Фото - Caravan.kz

Бұл мәселенің жұртты қатты ойландырып жүргені жасырын емес, деп жазды zamana.kz

Бұдан біраз бұрын Тәжікстанда той жасауға қатысты арнайы тәртіптер мемлекеттік деңгейде, заңды түрде бекітілгені мәлім. Тойға қанша адамға дейін шақыруға болатыны, дастарханға не қойылатынына дейін реттелген заң талабының орындалуын жергілікті атқарушы орган өкілдері қадағалайтын болған. Осы бақылаушылардың «көріп қоюының» арқасында талай жан қыруар айыппұлдар төлеуге мәжбүр болған. Бірінші мәрте қолға түскендер – 4 мың доллар, екінші рет ұсталғандар 5700 доллар айыппұл төлеп шығынданғаннан кейін қымбат той жасайтындар біршама азайған болатын.

Биылғы жыл басынан бері Өзбекстанда да бұл мәселеге қатысты арнайы заң қабылдауға әрекет жасалуда. Ел Президенті Шавкат Мирзиёев бұл жөнінде өткен наурыз айында ескерткен еді. «Үлкен тойларға қатысатын адамдардың саны 150-ден, құдайы асқа баратындардың саны 200-ден аспауы керек», – деген еді ол. Ш.Мирзиёев сондай-ақ үлкен лауазымды қызметкерлерге егер олар той жасауда тым шектен шығатын болса, онда бастары кететіндігін қадап тұрып айтты.

Арада көп ұзамай-ақ ел үкіметі қымбат той жасауға шектеу қоятын жоба жасады. Онда той қонақтарының саны ары кеткенде 150-ден аспауы керегі айтылды. Ал дастарханға қойылатын ас мәзірі нақтыланып көрсетілді. Қымбат көліктер жалдауға тыйым салу сияқты бірқатар шектеулер қарастырылды.

Енді Сенат облыс, аудан, қалалардағы депутаттар кеңестерінің ішінен арнайы комиссиялар құру жөнінде өкім шығарып отыр. Алда не болмағы осы комиссия жұмыстарының нәтижесіне қарай анықталмақ.


Өзбекстан мұндай қадамға жайдан-жай барып отырған жоқ. Бұл елде 32 миллион адам тұрады, халықтың 13 пайызы кедейшілік шегінен де төмен жағдайда күн кешіп жатыр. Орташа айлық жалақы долларға шаққанда 100 – 300 доллар аралығында. Соған қарамастан 20 мың долларға дейін шығынданып той жасаушылар бар. Міне, осы жай ел билігін ерекше ойландырып отырған сыңайлы.

Мұндай шаралардың қаншалықты нәтиже берері әзірге белгісіз. Дегенмен де қарапайым халыққа жоғарғы жақтың бұл нұсқауы ұнап отырған көрінеді. Ал үлкен-үлкен тойхана иелері ендігі жерде өздерінің зардап шегетінін айтуда.

Бұл жағдай Қазақстанда қай тұрғыда және қай кезде қолға алынуы мүмкін екенін ешкім де айта алмайды. Бірақ бізде де осы тақырыпқа қатысты жинақталып қалған мәселелер жетіп-артылады.

Соңғы жаңалықтар