Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды, деп жазады 24.kz.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті автомобильдерді тіркеу рәсімін елеулі жеңілдетті. 26 қыркүйектен бастап еліміздің аумағында көлік құралдарын мемлекеттік тіркеудің эксаумақтық қағидаты енгізіледі.
«Кез келген мамандандырылған ХҚКО-да немесе әкімшілік полицияның облыстық тіркеу пунктінде кез келген өңірдің көлігін иесінің тіркелген жеріне қарамастан тіркеуге болады, — деп атап өтті ІІМ ӘПК төрағасы Игорь Лепеха. — Мұндай тіркеу Қазақстан Республикасында тұрақты тіркелген жеке және заңды тұлғаларға қолжетімді болады».
Осылайша, егер сіздер, мысалы, Павлодарда тіркелген болсаңыздар, бірақ машинаны Алматыда сатып алсаңыздар, сіздерге транзиттік нөмір ресімдеу қажеттігі болмайды, өйткені сіздер оны сол мезетте оңтүстік астанада ресімдей аласыздар. Бұл бір жерде тіркелген, екінші жерде жұмыс істейтін адамдар үшін ыңғайлы; машина сатып алып, оны тіркеу үшін тұрақты тұратын жеріне қайтып келу қажет болмайды.
ІІМ халыққа тіркеу-емтихан бөліністерінде қызмет көрсету үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша шаралар кешенін қабылдап жатқанын атап өткен жөн.
Сонымен бұрын автокөлікті тіркеу рәсімі жеңілдетілген: көлікті тіркеу үшін ұсынылатын құжаттардың тізбесінен заңды тұлғаның жарғысы алып тасталды, көлік құралын тіркеу туралы куәліктің телнұсқасын беру (жоғалтқан, бүлдірген) кезінде көлік құралын қарап тексерудің күші жойылды. Сондай-ақ жүргізуші куәлігін берудің эксаумақтық қағидаты енгізілген: әрбір азамат, оның тіркелген жеріне қарамастан, кез келген өңірдің мамандандырылған ХҚКО-да жүргізуші куәлігін ала алады, А, А1,В, В1 санаттарындағы (кіші санаттарындағы) жүргізуші куәлігін алу кезінде автомектептерде міндетті түрде оқудың күші жойылды.