Қазақстанда орыс тілінде білім беретін мектептердің оқушылары үшін қазақ тілін үйренудің жаңа әдістемесі әзірленді. Бұл туралы бүгін өткен парламенттік тыңдау барысында ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды BNews.kz.
«Орыс тілінде білім беретін мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдісі жасалды. Біз грамматиканы әдеттегідей зерттеуден алшақтап, қарым-қатынас дағдыларын кеңінен қолдану бағытына көбірек көңіл бөлеміз. Енді мәтіндерді аудару және ережелерді жаттау маңызды емес. Бастысы ‒ балалардың қазақ тілінде сөйлесуді тезірек бастауы. 1, 2, 5 және 7 сынып оқушыларына арналған жаңа оқулықтар лексикалық минимуммен және жоғарыда аталған талаптарды ескере отырып әзірленді», ‒ деді ол.
Оның айтуынша, мектеп пәндерін ағылшын тілінде оқытудағы пилоттық жоба алдағы шығатын талаптарға сәйкес түзетіледі.
«1 қыркүйектен бастап 11 және 10 сыныптарда төрт пән ағылшын тілінде оқытылады. Мамандарды дайындау өткен жылы басталды және әлі де жалғасады. Биыл пилоттық жоба 1500-ден астам пән мұғалімінің қатысуымен ауқымды түрде басталды, олар бірнеше пәнді ағылшын тілінде оқытады. Оларға қажетті оқулықтар берілді. Ал әлі алмаған жерлер болса, онда жақын арада олар да алады. Биылғы маңызды жұмыс ‒ жаңа әдістеме бойынша оқытуға көшудің барлық аспектісін және қиындығын түсіну, сондай-ақ оқытудың сапасы қандай болатынын білу. Ата-аналар, оқушылар мен мұғалімдер қалай қабылдайтыны маңызды. Пилоттық жобаны жыл бойына бақылаймыз, ал келесі жылы қажет болған жағдайда түзетулер жасаймыз», — деп түсіндірді министр.
Министрдің айтуынша, келесі жылы ағылшын тілінде оқытатын пән мұғалімдерінің саны бес мыңға жетеді.