Жарияланды: 430

Енді РНН мен СИК-тің қажеті жоқ

Әлеуметтік жеке код пен салық төлеушінің тіркеу нөмірі бұдан былай жарамсыз! 1-ші қаңтардан бастап осы РНН мен СИК-тің орнына жеке куәліктегі сәйкестендіру нөмірі жүреді. Құжатында 12 саннан құралатын бұл нөмірі жоқ тұрғындар зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылардан қағылатыны былай тұрсын, енді жұмысқа да орналаса алмайды.

Осылайша, бірнеше жыл қолданыста болған РНН мен СИК күшін жойып келмеске кетті.Мұндай жаңашылдық тұрғындарды артық қағазбастылықтан арылтуы тиіс. Ал жеке басқа қатысты барлық ақпарат азаматтардың туған жылы мен күнінен басталатын осы «сиқырлы» он екі санға сақталмақ. Алайда оны алуға асықпай отырғандар әлі де бар.

Солардың бірі - Эльмира Маситова. Ол халыққа қызмет көрсету орталығына ИИН алуға келді. Өзіне алғанымен балаларын ұмыт қалдырыпты. Өйткені сәйкестіндіру нөмірі жаңа туылған сәбилермен қатар  кәмелетке толмағандардың куәлігінде де болуы тиіс.

Эльмира  Маситова, Астана қаласының тұрғыны:

- Енді кештеу жүріп қалдық.. Бүгін келіп алып жатырмыз. Екі ұлыма ИИН алдым. Бұрынғыдай құжат арқалап жүрмейміз ешуақытта. Бәрі бір жерде жазулы тұрады.

Қысқасы 12 сансыз халықтың күні қараң. Себебі 1-ші қаңтардан бастап жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ жеке куәліктер мен төлқұжаттар жарамсыз деп танылды. Код алып үлгермегендер мүлікті, автокөлікті тіркей немесе сата алмайды. Одан қалды салық төлемдері, банктегі қаржылық аударымдар зейнетақы мен жәрдемақы алу да ЖСН-сіз жүзеге аспайды. Тіпті жұмысқа да орналаса алмайсыз.

Халықты құжаттандыру Әділеттен Ішкі Істер министрлігіне қайта берілген соң мұнда жұмыс қызу. Жаңа куәліктерге код басу бір сәтке де тоқтаған емес. 12 сансыз қолдары байланатынын білген тұрғындардың көбі жанталасып жүріп 1-ші қаңтарға дейін ИИН алып үлгеріпті. Республика бойынша 17 млнға жуық адамнан мың жарымы ғана әлі селқостық танытып жүр. Асықпағаны үшін опық жейді. Заң талаптарын бұзғаны үшін енді  нөмірді ақша төлеп алады.

Галина Сарсенова ҚР Көші-қон комитеті  халықты тіркеу және құжаттандыру басқармасының бастығы:

- Осыған дейін ИИН алу тегін болды. Қазір азаматтар өз қалтасынан ақша төлеп алады.

Жеке коды жоқтар тұрғылықты мекен-жайы бойынша шұғыл халыққа қызмет көрсету орталығына барулары керек. Сәйкестендіру нөмірі 5 тәуліктің ішінде әзірленеді. Ал жаңа жүйе бюрократиядан құтқарады деген үміт бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін