Келесі жылдан бастап түлектер екі сынақтан өтуі тиіс. Алдымен орта білім алғанын растайтын аттестатты алу үшін мектепте емтихан тапсырады, кейін жоғарғы оқу орнына түсу үшін бірыңғай ұлттық тестілеуден тиісті бал жинауы қажет. Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің айтуынша, мектептегі емтиxан бес пән бойынша өткізіледі. Оның төртеуі – міндетті, біреуін оқушының өзі таңдайды. Ал ұлттық тестілеуді тапсыратын түлектер 120 сұраққа жауап берулері қажет. Алайда жинайтын ұпай саны 140 болуы мүмкін. Өйткені бір сұраққа жауап беріп, екі ұпай жинауға мүмкіндік бар.
— Бір сұрақта бірнеше дұрыс жауап болған жағдайда екі бал қосылады. Мысалы, бір сұрақ тұрады Отан соғысы қандай жағдайда болды. Соны түсіндіріп беруі керек. Сонда 5 жауап тұрса, сол бесеудің екеуінің жауабы дұрыс, деді ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру департаменті басшысы Жаңыл Жонтаева.