Бұдан былай қазақстандықтар жүргізуші куәлігін ауыстыру туралы өтінішті электронды үкімет порталы арқылы рәсімдей алады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлады.
Электронды қызметтің бұл түрін жеке куәлікті ауыстыру барысында да пайдалануға болады.
«Электронды үкімет порталы арқылы тапсырыс бергеннен кейін жол полициясының тіркеу-емтихан қабылдау бөлімшелеріне барудың қажеті болмайды. Бұл қызметті пайдаланғысы келетін азаматтар www.egov.kz порталындағы электронды өтініш қағазын толтырып, оған сканерден өткізілген фотосурет пен электронды-цифрлық қолтаңбасын қосып жіберуі тиіс», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, компаниядағылар фотосуреттің тиісті талаптарға сай болуы қажеттігін атап өтеді. Олай болмаған жағдайда пайдаланушының өтініші қанағаттандырылмауы мүмкін.
Онлайн-өтінішті толтырғаннан кейін жүргізуші тиісті құжаттарын алып (ескертудің қағазға басылған нұсқасы, қызмет ақысын төлегені туралы түбіртек, бұрынғы жүргізуші куәлігі, жеке куәлік, психиатриялық және наркологиялық диспансердің анықтамалары, №083 форма), мамандандырылған ХҚКО-на барады. Жаңа куәлігін сол жерден алады.
Алайда, уақыты өтіп кеткен жүргізуші куәліктерін ауыстыру туралы өтініштер электронды портал арқылы қабылданбайды.
Қазіргі таңда жаңа қызмет түрін 120-дан астам адам пайдаланған.