Жарияланды: 450

Еңбек кодексі еңбек қатынастарына қатысты мәселелерді толық шеше алған жоқ

Халықаралық еңбек ұйымының бағалауынша, Қазақстанда еңбек қатынастарының оңтайлы жүйесі қалыптасқан. Аталмыш жүйе жұмыс берушілер мен еңбеккерлер арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамытуға ықпал етіп отыр.

Сондай-ақ аталмыш құжат жұмысшылардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау ісінде айтарлықтай әлеуетке ие екендігін көрсетті. Соған қарамастан 2007 жылдан бері қолданылып келе жатқан Еңбек кодексі еңбек қатынастарына қатысты мәселелердің барлығын шешіп тастады деуге болмайды. Бұл туралы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова Астанада «Еңбек заңнамасын жетілдіру» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, соңғы 4 жыл ішінде Кодекстің жекелеген нормаларында құқық қолдану шараларына қатысты бірқатар жетілдіруді қажет ететін мәселелердің бар екендігі мәлім болды. Бұл мәселе әсіресе еңбеккерлерді жұмысқа алу мен оларды жұмыстан босатуға қатысты болып отыр. «Қазақстанның 2020 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасында халықаралық тәжірибе негізінде еңбек заңнамасын жетілдіру қажеттігі айтылған. Бұған қоса еңбек заңнамасын жетілдіру - Қазақстанның Бүкіләлемдік банк рейтингіндегі еңбеккерлердің құқықтарын қорғау мен еңбек нарығының тиімділігіне байланысты көрсеткіштерді жоғарылату мақсатында қажет болып отыр», - деді министр. Оның сөзінше, аталған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге өзгерістер енгізуге қатысты заң жобасы дайындалып, қазіргі таңда бұл құжат Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. «Бұл құжатқа енгізілген өзгерістердің барлығын біз осы уақытқа дейін жан-жақты талқыладық. Заң жобасының мақсаты - еңбек қатынастарын құқықтық реттеу шараларының сапасын арттыру, осыған дейінгі құжатта кеткен кемшіліктерді жою және еңбек заңнамаларын халықаралық еңбек стандарттарына сәйкестендіру болып табылады. Ал жұмысшыларды жұмысқа қабылдау мен оларды жұмыстан босату бағытында заң жобасында азаматтардың еңбек құқықтарын бұзуды ескертетін нормаларды қатаңдатып, қолданыс барысында бір-біріне қайшы келетін нормаларды алып тастау сияқты мәселелер қарастырылған», - деді Г.Әбіхалықова.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін