Еуропалық Одақ Кеңесінің төрағасы (Еуропалық Одақтың жоғарғы органы) Херман Ван Ромпей Мемлекет басшысының атына өз құттықтауын жіберді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Бельгиядағы елшілігі.
«Сізді 2010 жылдың 1-2 желтоқсаны күндері Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің жемісті өтуімен құттықтағым келеді. Бұл ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалықтың берік мұрасы болып қалмақ. Мен Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытып, нығайту жөнінде Сізбен арамыздағы бірлескен жұмыстың жалғасуын асыға күтемін», — делінген ҚР Президенті Н.Назарбаевтың атына жолданған құттықтауда.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитіне ЕҚЫҰ-ға мүше және ұйыммен әріптес елдерден 73 ресми делегация, сонымен қатар БҰҰ, ТМД, ЕО, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ИКҰ сияқты ірі халықаралық және аймақтық ұйымдардың өкілдері қатысқан. Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы жөнінде маманданып жүрген көптеген еуропалық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан ЕҚЫҰ сияқты халықаралық беделді ұйымға төрағалық ете отырып, көптеген елдермен, соның ішінде Еуропалық Одақ құрамына кіретін елдермен саяси және экономикалық байланысын кеңейте түсті.