Бұл жайлы халықаралық заңгер Әйгерім Құсайынқызы Caravan.kz медиа порталының тілшісіне айтып берді.
«ҚР заңнамасында қоғамның әр саласында ер мен әйел теңдігін мемлекет қамтамасыз етіп отыр»
Әйгерім Құсайынқызы сұхбат барысында ер мен әйел теңдігін мемлекет қамтамасыз етіп отырғанын айтты.
«Әйел еркекке көмек көрсетуші, еркектің бағытымен жүретін, қорғануды қажет ететін жан деп қабылданып келді. Тек Қазақстанда емес, әлемнің көптеген мемлекеттерінде. Жағдай соңғы 100 жылда өзгерді десек болады. Әйел мен еркек тең, олардың құқықтары, таңдаулары бірдей болу керек. ҚР заңнамасында қоғамның әр саласында ер мен әйел теңдігін мемлекет қамтамасыз етіп отыр. Дәл осы жерде имамдар шығып «еркектің қабырғасынан жаратылғансыңдар» деген пікірді зайырлы мемлекетте айтудың өзі заңнамаға қарсы», — деді заңгер.
«Әйелді кемсіткенің үшін жазаланасың»
Сондай-ақ, халықаралық заңгер әйелді кемсіткенің үшін жаза барын айтып өтті.
«Біз әрдайым «әйелді кемсітпе, әйелді кемсіткенің үшін жазаланасың. Мирас сияқты аборт туралы ән шығарсың, Джа Халиб сияқты әйелді кемсітсең жазаланасың» деп осы уақытқа дейін айтып келе жатырмыз. Әйелді кемсіткен сөздер 5-10 жыл бұрын болса, ондай қатты реакция болмас еді. Қолында әлеуметтік желісі бар әйелдер патриархатқа, түрлі жағдайларға тезірек жауап беріп, реакцияымызды білдіріп, рефлексия жасап үйреніп жатырмыз. Мұндай жағдайға бақытты күймен келген жоқпыз. Көптеген қайғылы жағдайлардан кейін орын алған, орын алуы міндетті болған заңдылық уақыт талабы, әлеуметтік мәдени сананың өзгеруі деуге болады», — деді Айгерім Құсайынқызы.
Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету заңы
Осы заңды қабылдау бойынша жұмыс тобының мүшесі болған Әйгерім Құсайынқызы заң туралы ойымен бөлісті.
«Білікті, әлеуметтік мәселелерді мәжіліс деңгейінде көтеріп жүрген Жұлдыз Сүлейменова (министр -ред) сияқты әйел депутаттар көп болса, меніңше Қазақстандағы әлеуметтік мәселелердің барлығы тезірек шешіледі деп ойлаймын. Бұл заң санадағы серпілісті алып келді. Кез келген зорлыққа көнбеу мәдениетін қалыптастыру керек. Біз 2005-тен бастап толеранттылық туралы көп айтамыз. Бізде толеранттылық көбінесе әдебиетке, мәдениетке болып жатады. Ал заңсыздыққа, адам құқығына қайшы жасалатын толеранттылық көрсету, сол мәселеге көз жұмуымыз жағдайды ушықтырады. Бұл заң әлі де қазақ қоғамын өзгертуге, Қазақстандағы зорлық-зомбылықты азайтуға, әйелдің өмірі еркектің өмірімен тең дәрежеде, кем емес, теңбіз деген кезде, оны Қазақстандағы 10 миллион әйел түсінген кезде ол жемісті нәтиже береді деп ойлаймын», — деді Әйгерім Құсайынқызы.
Қорытқа айтқан, еліміз үшін гендерлік теңдік мәселесінің маңызы зор. Мемлекеттің гендерлік теңдікті сақтауға, әйелдер мен балалар құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға әрдайым баса мән беретінін, мемлекет басшысы да айтқан болатын. Сол себепті Қазақстан Президент Жарлығымен 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы өзектендірілген болатын. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейтілді.