«Мен өзі Оралдың қызымын. 16 жасымда Атырау облысы Құлсары қаласының жігітіне тұрмысқа шықтым. Үйде тойдың ырымы жасалды. Өзге қалыңдықтар сияқты ақ көйлек кимедім. Үлкен тойдың жасалуына жолдасым қарсы болды. Себебі екеуіміз де ол кезде той жасауды «харам» деп түсінетінбіз. Күйеуім екеуіміз алғаш Құлсарыда, оның шаңырағында тұра бастадық. Кейін Атырау қаласына көшіп келдік.
Күйеуім үйдегі бес баланың үлкені болатын және менен 7 жасқа үлкен еді. Колледжді, кейін институтты үздік дипломмен бітірген өте сауатты жігіт еді. Теңіз қалашығында жұмыс істеп жүрді. Сондықтан, мен күйеуімнің діни бағытта қателесіп жүргенін білмедім. Өзімді де тура жолдамын деп ойлайтынмын. Кейін Сирияда жүргенімізде қателескенімізді білдім», — дейді ол.
Балжанның айтуынша, күйеуі Атыраудан жасырын түрде Абдуль Уахабтың (Теріс ағымның негізін қалаушы — авт. түсіндірмесі) «Үш негіз» кітабы бойынша білім алған.
«Тұрғын үйлердің бірінде жасырын сабақ алған күйеуімнің алдымен Мысыр, кейін Сирияға бет алуына осы жағдай себеп болған. Мысыр астанасы Каирде жолдасым жеке орталықтан сабақ алып жүрді. Мен әйелдерге арналған марказдардың бірінде оқыдым. Сөйтіп араб тілін үйрене бастадым. Ол кез оқуды аяқтаған соң, елге аудармашы маман ретінде ораламын деп ойладым.
Бірақ арада сегіз ай өткенде күйеуім «Сирияға барып, халифат орнату жолында күресетінімізді» айтты. Бұл 2013 жылдың сәуірі болатын. Осылайша, менің өмірімдегі ең үлкен қателік сағаты басталды. Жастықтың әсерінен болса керек, өзімнің тура жолда жүргеніме сенімді болдым. Екі сәбиімді сол қақтығыс ортасында өмірге әкелдім. Уақыт өте ондағы айуандықты көріп, қателескенімді түсіндім», — дейді ол.
Сириядағы педофилизм
Бұған дейін отандық БАҚ-қа сұхбат берген Сириядан оралған қыз-келіншектер ол жақта педофилизм мен гомосексуализм бар екенін айтқан еді. Балжан да жантүршігерлік жағдайды өз көзімен көргенін жасырмады.
«ДАИШ жендеттері кішкентай ер балаларды алты жасқа толар-толмастан, әскери дайындыққа алып кетіп отырады. Сол қарғыс атқыр лагерьде «педофилизм», «гомосексуализм» сияқты айуандықтардың барлығы болып жатқанын көзіміз көріп жүрді. Кішкентай балаларды қорлаған жағдайлар көп тіркелді. Тағдыры аянышты халге түскен бүлдіршіндердің арасында қазақ балалары да жүр. Сәбилерді ДАИШ шейхтарының 13-15 жастағы ұлдары аяусыз қорлап жататын. Бірақ ол үшін кінәлілер жазаланбайтын. Кейін бұл қалыпты жағдайға айналды. Осындай жиіркенішті әрекеттерді жылы жауып қойып отырған ДАИШ билігінің әшейін бетперде киіп жүргенін түсіну қиын емес еді», — деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Шариғат ережелеріне сай өмір салтын ұстанамыз дейтін ДАИШ-тықтар үшін әйел атаулының құқы, еркіндігі мен өмірі түкке тұрмайды деген Балжан ондағы еркектер үшін қыздарды екі-үш күн ғана жар етіп, кейіннен «талақ» айтып, тастап кету қалыпты жағдай дейді.
«Мен өзім 19 рет күйеуге шыққан әйелдерді білемін. Ол әйелдің еркек құмарлығынан емес, ДАИШ қоғамы әйелді осындай бейшара деңгейге дейін түсіріп тастағандығының нәтижесі. Ол жақта еркек әйелмен екі-үш күн тұрғаннан кейін ажырасып кете алады. Осылайша екінші әйел алып, бір аптадан соң оны да тастай салады. Оқиға осылай жалғаса береді.
Олар бір-біріне әйелдерді сыйлай салатын. Мұны өздері «құрмет» деп түсіндіретін. Қолдан-қолға «сыйлық» ретінде өткен әйелдерді білемін. Олар ата-аналарын еске алып, қатты жылайтын. Олардың ауыр тағдыры туралы естіп, мен де жылайтынмын. Жанды қуыршаққа айналған ол әйелдерді баскесерлер «жезөкше» деп атайтын. Ал шындығында, әйелдерді қорлап отырған баскесерлердің өздері», — дейді ол.
Балжан мен күйеуі өздерінің адасқандарын түсінгеннен кейін елге қашуға әрекеттенген. Арнайы топ құрып, талай мәрте қашқан олар ақыр соңы баскесерлердің қолына түсіп қалып отыратын болған.
«Талай мәрте қашқанымызбен, адасып, бәрібір баскесерлердің қолына қайта түсетінбіз. Сөйтіп жүргенде біздің тобымызда болған атыраулық екі жігітті баскесерлер жазалап, атып өлтірді. Бірақ біз соңына дейін күресуге бекіндік. Ұзақ уақытқа созылған операциямыз сәтті аяқталып, күрдтердің қолына өз еркімізбен берілдік. Бастапқыда түрмеде жаттық. Кейін бізді тұтқындар лагеріне орналастырды.
Лагерьде жатқан уақытымызда тұтқында жүрген ирактықтардың өзі «Ертең еліңе барған уақытта 15-20 жылға дейін түрмеде отырасың. Одан да ДАИШ-ке қайта барғаның дұрыс» деп үгіттеп жүрді. Мен сол кезде «Мейлі түрмеге отырып, шыққаным артық. Есесіне жазамды өз елімде өтеймін. Әрі өз елімде балаларымның қауіпсіздікте боларына сенемін. Мына жерде өлім сағатын күтіп жүргеннен гөрі, он бес жыл түрмеде отырғаным артық» деп жауап беретінмін. Расымен де, ол жақта шеттен келгендер үшін кері қайтатын жол жоқ», — дейді ол.