Еркеш Құманбекқызы: Қытайдағы қазіргі қазақ әдебиетінің жағдайы жақсы - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-4 °C
Алматы
2025 Жыл
20 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еркеш Құманбекқызы: Қытайдағы қазіргі қазақ әдебиетінің жағдайы жақсы

Еркеш Құманбекқызы: Қытайдағы қазіргі қазақ әдебиетінің жағдайы жақсы

 Ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміздің дамуына Қытайда тұрып жатқан 2 миллионға жуық қандастырымыздың қосқан және қосып жатқан үлесі өте қомақты. Тағдырдың жазуыменен

  • 28 Қаңтар 2011
  • 971
Фото - Caravan.kz

іргеміздегі алып империяның азаматтары атанған қазақ бауырларымыз Отанынан жырақта жүрсе де тілін ұмытпай, дінін сақтап, ділін ұлықтап, ұлттық болмыс-бітімін жоғалтпады. Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бері олардың тарихи Отанымен қарым-қатынасы жақсарды. Өзара байланыстың жақсарғанының бір нәтижесі — қазақ кино өнеріне Қытайдан «Ақсарбас» атты салмақты жаңа фильм қосылып, кеше Алматыда оның таныстырылымы болды. «ҚазАқпарат» тілшісі көпшіліктің көңілінен шыққан осы фильмнің сценарийнің авторы, ҚХР-дағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі Жазушылар одағының төрайымы, жазушы, аудармашы Еркеш Құманбекқызына жолығып, Қытайдағы қазақ әдебиетінің, киносының қазіргі кездегі бағыт-бағдары, беталысы туралы сұрап білді.

 

— Еркеш Құманбекқызы, Қытайдағы қазақ әдебиетінің қазіргі хал-жағдайы туралы аз-кем мағлұмат берсеңіз?

 

— Қытай Халық Республикасындағы қазіргі қазақ әдебиетінің жағдайы жақсы. Бізде ұлттық әдебиет деген ұғым бар. Ол, әрине, 56 ұлттан құралады. Олардың ішінде әдебиетін өз ана тілінде жазатындар — қазақ, қырғыз, моңғол, сібе және ұйғырлар. Бұл ұлттардың қаламгерлерінің шығармаларын ана тілінде басып шығаратын журналдары мен баспалары бар. Мәселен, қазақ ұлтының Шыңжаң Жазушылар қоғамында " fotoarticles жатыр.

 

— Жеке шығармашылығыңызды қандай жаңалықтар бар?

Мен ана тілімде де, қытай тілінде де еркін сөйлеп, жаза аламын. Прозамен айналысам. Көбіне әңгімелер жазамын. Шығармаларымды негізінен қытай тілінде жазып жүрмін. Қазақстандық қаламгерлерден Сайын Мұратбеков, Рахымжан Отарбаев, Немат Келімбетовтердің шығармасын аударғам. Осы уақытқа дейін жеке 3 кітабым шықты. Ал аударған кітаптарымды қосқанда бас-аяғы оншақты болып қалды. Сондай-ақ 3 фильмге сценарий жазып, оларға қосымша режиссер болдым. Ең алғашқы сценариім осыдан 15 жыл бұрын жазылған тізбекті "Сержан" деген телефильм. Сақшы жайындағы бұл фильм экранға шықты.

Одан кейінгісі кеше Алматыдағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында таныстырылымы өткен "Ақсарбас" көркем фильмі. Онда 100 жылдың алдындағы сахара өмірі суреттеледі. Фильм Қытайдың орталық телевидениесінің кинофильмдер орталығының жетекшілігімен 2009 жылы 7-айдың 29-ынан бастап 2010 жылы 1-айдың 28-іне дейін түсірілді. Оған 7 миллион юянь жұмсалды. Ондағы актерлардың ешқайсысы кәсіби актер емес. Өмір бояуы күшті болсын деп дыбыстардың бәрін табиғи жағдайда жасадық. Кино 5 сағатқа түсірілген болатын. Ұзақтығын — 1 сағат 40 минутқа дейін қысқартқандықтан, көп уақиғалар кесіліп кетті. Дегенмен осыған қарамастан ойлағанымыздай болып шықты. Еңбегіміз ақталып қыркүйекте бұл фильм АҚШ-та өткен халықаралық кинофестивалде 80 елден келген 400 киноның ішінен үздік деп танылды. Оған Қытай елінен 5 кино апарылған болатын. Шешуші сында осы фильм ғана үздіктер қатарына ілінді. Сондай-ақ онда басқа кинолар 2 мәрте қойылса, ұйымдастырушылар кинофестиваль кезінде "Ақсарбасты" 4 мәрте қоюға рұқсат берді. Көрсетілім кезінде кинодағы образдарға жан-тәнімен берілген көрермендер де оған жоғары баға берді. Содан кейін ол Қытайдың өзінде Бейжіңде және Шыңжаңда қойылды. Ал Қазақстанда түсіріліп жатқан қазіргі фильмдермен аса таныс емеспін. Ақпараттарға қарағанда үлкен ізденістер жасап жатыр екен. Баяндау, тақырыпты талдау жағынан ізденістері жақсы. Сондықтан бұл туынды арқылы оған өз тарапымыздан біз де үлес қосамыз деп ойлаймын. Енді наурыз-сәуір айларында "Қараторғай" деп аталатын тағы бір көркем фильмнің түсіру жұмыстары аяқталады. Балалар тақырыбында халық әні негізделіп отыр. Шынайы өмірді бейнелейтін бұл фильмнің жалпы уақиғасы ғаламторға шырмалып қалған жас балаларды жаңа техниканы пайдаланып қалыпты өмірге үйретуге бағытталған.

Шығармашылық жұмыста 2 рет Жұнго жазшылар одағынан берілетін мемлекеттік дәрежедегі "Тұлпар" сыйлығын алғанмын. Біріншісі, аудармам үшін 2008 жылы берілді. Былтыр жыл қорытындысы бойынша қытай тілінде жазатын үздік 10 автордың бірі деп танылдым. Оны ғаламторда жарияланған ақпараттардан естіп отырмын, бірақ сыйлықты әлі алғам жоқ. Марапаттау рәсімі енді болады. Сондай-ақ "Жас келіншек деген шағын әңгімем бойынша "Ұлттар әдебиеті" журналының жылдық мадақтауына ие болып отырмын.


Шығармашылық ізденістеріңізде әлем, қытай және қазақ әдебиеттерінің қайсысы басымдыққа ие?

— Оларды бірінен-бірін бөле жарғым келмейді. Қытайда жан саны көп болғандықтан әрқилы ой-ағымдарын тез қабылдайды. Іздену өте күшті. Соңғы 50-60 жылдың ішінде Қытай әдебиеті ерекше күшті қарқынмен дамуда. Аз санды ұлттардың баспаларында да әлемдегі әдеби шығармалар тұрақты түрде аударылып тұрады. Сонымен қатар соңғы жылдары Қазақстан -Қытай арасында да мәдениет ауысуы жиіледі. Қытайда талай авторлардың шығармасы төте жазумен жарық көрді. Бұл біздің үлкен бір қайнарымыз болып отыр.

Шыңжаң жазушылар одағы Үрімжіде орналасқан. Оның 2 мыңға жуық мүшесі бар. Одақта барлық ұлттың өкілдері еніп отыр. Жалпы Шыңжаң автономиялы ауданында 17 миллионға жуық халық тұрады.

— Әдебиетте романдардың дәуірі өтті, оқырмандар тарапынан заман талабына сай қысқа-нұсқа жазылған шығармаларға ғана сұраныс бар деген көзқарасқа қалай қарайсыз?

— Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Аға буын жазушылардың өз кезіндегі биігіне біз жете алмайтын шығармыз. Олар сол кездегі өмірден ақпарат алды, түсінік алып жазды. Әсілі, әр буында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын сондай қасиет болу керек қой. Көзқарастың ұқсас болмауы мен пікір таластыру табиғи нәрсе.

Соңғы жылдары Қазақстан жазушылар одағымен барыс-келісіміз ойдағыдай дей алмаймын. Шыңжаң Жазушылар одағына басшы болып барғаныма көп уақыт болған жоқ. Бұған дейін ішкері өлкеде жүрдім. Алдағы уақытта Қазақстан жазушылар одағымен байланысты нығайтуға күш салуға тырыспақпыз. Бізде кәсіптік аудармашылар жоқ. Бір буынан бір буынға жалғасу керек қой. Кейде бір буынан аудармашылар шықпай қалуы мүмкін. Жазушылар одағында аудармашылар одағы бар. Оның мүшелеріне кейде аударылуға тиісті деген ірі тұлғалардың тізімін жасап береміз. Авторлардың арасында өздері қызығып аударатындары бар. Қаламақысы да жылдан жылға өсіп келеді. Шыңжаң жазушылар одағының мүшелері тақырыпты негізінен шынайы өмірден алып жазып жатыр. Жас қаламгерлер арасында шығармаларын Қазақстан жұртшылығына да танытуды қажет ететін жаңа есімдер жеткілікті. Оларды тізімдесек біршама ұзақ тізім болып шығады. Дегенмен прозада — Құмарбек, Қырбақ, Жеңісхан, Қуаныш, поэзиядан — Ерлан, Мақсат, Білісбек, Серғазы сияқты бірқатар ақын-жазушылардың есімін атай кеткен артық болмас деп ойлаймын.

— Жұмыс кестеңіз тығыз болғандығына қарамастан, сұхбаттасуға уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет. Еңбектеріңіз әрдайым жемісті бола берсін!.

Перейти к новостям спорта