2016 жылы желтоқсанның басында Ақтөбе мен бірнеше аймақта "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікке ілінген топтың жолын кесу операциясы жүргізілген болатын. Осы операция барысында 12 желтоқсан күні бірінші топтағы мүгедек Еркін Ізбасар да қамауға алынған. Тергеу күдікті мен оның серіктеріне қылмыстық кодекстің "мұнай және мұнай өнімдерін қылмыстық топ құрамында заңсыз иелену, өткізу, сақтау, қайта өңдеу" және "ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру" деген баптары бойынша айыптар таққан. Бірақ күдіктілердің ешқайсы да өздеріне тағылған айыппен келіспейді.
Ақтөбе облыстық соты мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен және заңсыз тасымалдаумен айналысқан деген күдікпен қамалғандар саны желтоқсан айынан бері 22 адамға жеткенін хабарлады. Әзірше жария болғандары: Еркін Ізбасар, Саят Дүсіпов, Есенжан Еркетаев , Азат Амитов, Адайбек Сәрсенов, Бауыржан Батыров, Нұрлан Қазкенов, Аухат Қалиев, Асхат Сармамбетов, Валерий Аксаков, Нұрболат Қайырбаев пен Жанат Ілиясов.
ҰҚК желтоқсанның 7-сі күні таратқан ақпаратында комитет қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе және тағы кей аймақта "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікке ілінген топтың жолын кесу операциясын жүргізгені айтылған. Арнайы қызмет қанша адам ұсталғанын, тұтқындау қай жерде болғаны туралы нақты ақпарат бермеген. Операция барысында күдіктілерден өзге мұнай мен мұнай өнімдері бар автоцистерналар да тәркіленген.
ҰҚК сонымен қатар "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны" туралы да хабарлаған.