Ерлан Қарин: жаңа Конституция – қоғамдық сұраныс пен ашық пікірталастың нәтижесі - kaz.caravan.kz
  • $ 501.26
  • 590.38
+4 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ерлан Қарин: жаңа Конституция – қоғамдық сұраныс пен ашық пікірталастың нәтижесі

Ерлан Қарин: жаңа Конституция – қоғамдық сұраныс пен ашық пікірталастың нәтижесі

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерімен бірге Ақтөбе жұртшылығымен кездескен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Ата Заңның жобасы шын мәнінде халықтық құжат екенін атап өтті.

  • 26 Ақпан
  • 14
Фото-Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.


Оның айтуынша, Конституциялық комиссия о бастан ашық форматта жұмыс істеді. Әр отырыс тікелей эфирден көрсетілді. Қоғам тарапынан қойылған сұрақтарға, айтылған сын-пікірлерге әр отырыста не жауап, не түсініктеме беріліп отырды.


«Азаматтардың ұсыныстары жаңа Ата Заңда барынша ескеріліп, көрініс тапты. Сондықтан, жаңа Конституцияны халықтық Конституция деп айтуға толық негіз бар. Бұның бәрін не үшін айтып отырмын. Кейбіреулер айтып жүргендей, жаңа Конституция 5-6 аптада емес, тіпті 1-2 айда да емес, былтырғы қыркүйектен бері 6 ай көлемінде, яғни жарты жыл бойы халықпен бірге жазылды», – деді ол.


Мемлекеттік кеңесші көптің көкейінде жүрген «Жаңа Конституцияны не үшін қабылдап жатыр? Қандай қажеттілік бар еді?» деген сұраққа да жауап берді.


«Ешкім де қазіргі қолданыстағы Конституцияның мемлекеттілікті қалыптастырудағы, тарихи дамуымыздағы маңызды рөлін, тигізген оң әсері мен ықпалын жоққа шығарғалы отырған жоқ. Керісінше, қазіргі Конституция осы уақыт аралығында еліміздің дамуына үлкен серпін берді. Осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерге негіз болды. Бірақ бұл Конституция Кеңестік кезеңнен енді ғана босап, Тәуелсіздігімізді енді ғана алып, мемлекеттік саяси институттарды енді ғана қалыптастырып, шет мемлекеттермен енді ғана қарым-қатынас орнатып жатқан елең-алаң шақта жазылып, қабылданды», – деді Қарин.


Ол атағандай, 1995 жылғы Конституция сол кездің терминологиялық аппаратымен, сол дәуірдің лексикасымен, сол уақыттың ұғымдарымен жазылды.


«Жаңа Конституцияны 130 адамнан тұратын комиссия жазды. Әр отырыс ашық форматта өтіп, тікелей эфирден көрсетілді. Жұртшылықтың e-Otinish және eGov платформалары арқылы жолдаған ұсыныс-тілектері барынша ескерілді. Жаңа Ата Заңды әзірлеуге сырттан қандай да бір маман, кеңесші шақырылған жоқ. Ал 1995 жылы қабылданған Ата Заңды бар болғаны 12 адамнан тұратын шағын ғана топ жазды. Оның 3-і – шетелден келген маман. 9-ы ғана өз азаматтарымыз еді. Олар қазіргідей тікелей эфирде ел алдына шығып, сарапшылар қауымдастығы мен қоғамдық ұйымдарды тартып ашық жұмыс істеген жоқ. Керісінше, кабинеттен шықпай, қоғаммен кең көлемде ақылдасып-кеңеспей, жабық жағдайда жұмыс істеді», – деп атап өтті ол.


Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, жаңа Конституция – енді мемлекеттілігі орныққан, халықаралық кеңістіктегі беделі қалыптасқан, тарихи тамырын айқындаған, ғылым мен инновацияға арқа сүйеген Қазақстанның жаңа Ата Заңы. Қазақстан жаңа Конституцияны қабылдау арқылы тарихтың жаңа кезеңіне, дамудың жаңа деңгейіне өтеді.