Ал оның «Бесмойнақ» фильміне деп мемлекет бөлген 500 миллион теңгенің тағдыры не болмақ?
Оны Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап көрді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2019–2021 жылдары Ермек Тұрсыновтың «Бесмойнақ» фильміне мемлекеттен 500 миллион теңге бөлінген. Алайда, фильм әлі күнге дейін көрерменге ұсынылмады. Министрлік бұл жағдайды «авторлардың прокатқа шығаруға ниет білдірмеуімен» түсіндірсе, режиссер бұл пікірмен келіспейді.
Тұрсынов өзінің соңғы жылдары бірнеше рет ақпараттық шабуылдарға, қудалауға, қаржылық тексерулерге, тіпті продюсерінің үйіне тінту жүргізуге куә болғанын мәлімдеді.
Ермек Тұрсынов елден кетер алдында өзі туралы тараған жалған ақпараттар мен айыптауларға да тоқталды. Мәселен, кейбір дереккөздерде ол мемлекеттен миллиардтаған теңге алған деп жазылған. Режиссер бұларды теріске шығарып, өз шығармашылығын үнемі халықаралық деңгейде дәлелдеп келгенін атап өтті.
«Бұл елде енді дем алу да мүмкін болмай қалды. Мен бұл абсурдтың бір бөлігі бола алмаймын. Елде қалып, үнсіз жүргеннен гөрі, кетуім дұрыс деп шештім», – деді ол.
Ал мемлекеттің оның фильміне деп бөлген 500 миллион теңгенің тағдыры беймәлім.