Ернар Мақажанов: Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік билікті жеке мүдделер үшін заңсыз пайдалануды білдіреді - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ернар Мақажанов: Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік билікті жеке мүдделер үшін заңсыз пайдалануды білдіреді

Ернар Мақажанов: Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік билікті жеке мүдделер үшін заңсыз пайдалануды білдіреді

Қазақстанның қазіргі заман тарихында сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл және ымырасыз күрес бағыты республиканың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі мәнін қалыптастырады. Бүгінде еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күштерімен ашықтық, транспаренттілік және қоғам алдындағы есептілік қағидаттарына негізделген осы жағымсыз құбылысқа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдері қолданылуда.

  • 18 Қазан 2021
  • 297
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталының тілшісіне сұхбат берген Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша Департамент басшысы Ернар Мақажанов айтып өтті.

– Ернар Әбсейітұлы, Алматы облысы республикамыздағы ірі өңірлердің бірі екені барлығына мәлім. Сондықтан, өзіңіз жетекшілік етіп отырған департаментте жемқорлық дертімен күресте атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айта кетсеңіз? Сыбайлас жемқорлық бойынша жағдай қалай?

– Департамент жүйелі негізде сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу бойынша кешенді жұмыс жүргізеді. Жыл басынан бері 87 қылмыс тіркелген. Тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 63 қылмыстық іс болып табылады. Есептік кезеңде қылмыстық жауапкершілікке 155 адам тартылды, оның ішінде 20-сы бірінші басшы. Сонымен қатар, жыл басынан бері «жүйелі» сыбайлас жемқорлықтың 8 фактісі анықталды. Кешенді іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 27 адам әшкереленді.  Іс жүргізумен аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залал сомасы 3,8 млрд.теңгені құрады, оның 3,7 млрд. теңгесі өтелді.

Жергілікті тұрғындармен байланыстың деңгейі қандай?

– Азаматтар сенімінің артуы – біздің қызметіміздің жоғары нәтижелілігі деп білемін. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде азаматтық сектормен белсенді өзара іс-қимыл бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Өйткені, бүгінде бұл індетті жою азаматтық қоғамның белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Себебі азаматтар күн сайын кездесетін барлық өзекті мәселелерді біледі. Аясында жыл басынан бері облыстың 5 тұрғыны сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескені үшін 962 610 сомасына ынталандырылды. Жалпы, сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы хабарлағаны үшін 87 510 теңгеден 11 668 000 теңгеге дейін сыйақы қарастырылған. Сонымен қоса, облыс бойынша онлайн режимде профилактикалық сипаттағы «Антикор Лайв», «Адал көмек» жобалары шеңберінде фейсбук арқылы эфирлер өткізіледі. Кез келген тұрғын эфирге кіріп өзің қызықтырған сұрақтарын қойып, жауабын ала алады.

– Сіздің ойыңызша «Сыбайлас жемқорлық» деген не?

– Сыбайлас жемқорлық бұл пара беру және алу ғана емес, сыбайлас жемқорлық – бұл мемлекеттік (қызметтік) билікті өзінің жеке мүддесі үшін теріс пайдалану. Басқаша айтқанда, бұл жеке тұлғаның пайда табу мақсатында мемлекет пен қоғамның заңды мүдделеріне қайшы келетін өзінің лауазымдық жағдайын заңсыз пайдалануы. Мемлекет пен қоғамның қызметіндегі сыбайлас жемқорлық билікке, мемлекет пен қоғамға зиян келтіре бастайды. Сыбайлас жемқорлық билікті және онымен байланысты мүмкіндіктерді бүкіл қоғамның мүддесі үшін емес, жеке тұлғалардың немесе белгілі бір адамдар тобының мүддесі үшін пайдалануды білдіреді, бір сөзбен айтқанда, сыбайлас жемқорлық мемлекеттік билікті жеке мүдделер үшін заңсыз пайдалануды білдіреді.

– Сыбайлас жемқорлықтың қай түрін ең қауіпті деп санайсыз?

– Бүгінгі күні тұрмыстық сыбайлас жемқорлық ең көп таралған және ең қауіпті болып табылады. Себебі ол басқа да жағымсыз әлеуметтік құбылыстардың дамуына ықпал етеді. Мысалы, көлеңкелі, яғни заңсыз экономика орын алуы мүмкін. Сонымен қатар, тұрмыстық сыбайлас жемқорлық «күнделікті тетікке» өзгеріп күн сайынғы іс-әрекеттерді қара бизнеске айналдырады. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық қоғамның барлық өмірлік маңызды салаларын қамтиды: денсаулық сақтау, білім беру саласы, т.б. Мұндай құбылыстар біздің өмірімізге қаншалықты терең және кең енсе, соғұрлым олар қоғамның моральдық негіздеріне нұқсан келтіреді. Ең қорқыныштысы, кез-келген мәселені бейресми түрде шешу әдеті бүкіл қоғамның моральдық тозуына әкеледі.

– Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасында қандай олқылықтар бар деп ойлайсыз?

– Сірә, олқылықтар жоқ шығар. Соңғы екі жылда қазақстандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада бірқатар елеулі өзгерістер мен жаңалықтар орын алды. Осы аспектіде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірқатар заңнамалық новеллалардың бастамашысы болды. Осылайша, 2019 жылдан бастап қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін бірінші басшылардың отставкаға кету институты енгізілді. Өткен жылдан бастап ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды. Қауіпсіздігі барынша төмен колония-қоныстар деп аталатын қылмыстық-атқару мекемелерінде сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандар үшін жазаны өтеу мүмкіндігі алып тасталды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді. Мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттарына, судьяларға шетелдік банктерде шоттар ашуға және иеленуге тыйым салынды, пара берушілер мен делдалдардың парақорлыққа жауапкершілігі күшейтілді, мемлекеттік қызметшілерге сыйлықтар беруге тыйым салынды, комплаенс-офицерлер институттары енгізілді. Осы заңнамалық нормаларды қабылдау Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға елеулі үлес болып табылады және осы аспектіде заң шегінен шығып кеткендерге кешенді түрде жақындауға мүмкіндік береді.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту жұмысы қандай болуы тиіс (сыбайлас жемқорлық туралы кім, кімге және не айту керек)?

– Бүгінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асырудың маңызды бағыты болып табылады. Бұл аспектіде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің айрықша құзыреті ретінде ғана қарауға болмайды, бұл жұмысқа барлық мемлекеттік органдар, сондай-ақ азаматтық қоғам тартылуы тиіс. Өйткені, бүгінде азаматтардың белсенді қатысуынсыз сыбайлас жемқорлықты барынша азайту, жою мүмкін емес. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартушылықта тек белгілі бір адамдар тобымен шектелуге болмайды. Мұнда белсенді азаматтар, студенттер, БАҚ өкілдері, мәдениет қайраткерлері, блогерлер, оқытушылар тартылуы тиіс кешенді жұмыс жүргізілуі тиіс. Сонда олардың әрқайсысы өз саласында осы құбылыстың зияны туралы айтып, оны болдырмау үшін өз үлестерін қосатын болады.

Ернар Әбсейітұлы, қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қалай тартуға болады?

– Алдымен жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға қатысуы қоғамдық бастамалардан шығатынын бірден атап өту қажет. Сондықтан, бұл жерде санға емес, сапаға көңіл аудару қажет. Бұл үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанында арнайы мониторингтік топтар, ақпараттық-ағартушылық штабтар, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері жұмыс істейді, оларға белсенді азаматтар, тәжірибелі заңгерлер, адвокаттар, журналистер, оқытушылар қатысады. Өйткені, қоғам өз салаларындағы, бағыттарындағы барлық ауыр мәселелер мен жағдайларды біледі. Сондықтан бүгінгі таңда бұл алаңдар жаңа идеялар мен ұсыныстардың катализаторы, пікірталас алаңы ретінде қызмет етеді. Осыған орай, белсенді азаматтық ұстанымы мен парасатты ниеті бар кез келген азамат осы қатарға қосылып, өз үлесін қоса алады.

– Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысы қандай мақсатқа бағытталған?

– Алдағы уақытта біздің жұмысымыз жұртшылық өкілдерімен ауқымды жұмыстарды ұйымдастыру бойынша белсенді өзара іс-қимыл жасау арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталатын болады. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бейім салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша жүйелі талдамалық жұмыс жүргізу жалғасатын болады. Бұдан басқа, бюджеттік және әлеуметтік жобаларды одан әрі жедел сүйемелдеу, оның ішінде коронавируспен күреске бөлінген бюджет қаражатын игеру қамтамасыз етіледі.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен белсенді ынтымақтастықта болған барлық азаматтарға ерекше алғысымды білдіргім келеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша белсенді жұмыс жүргізетін азаматтық белсенділерге, барлық бей-жай қалмаған азаматтарға айтарым, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру шеңберінде мазмұнды әңгімеге, ұсыныстарға және бірлескен іс-шараларды өткізуге әрқашан ашық екенімді атап өткім келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!