Жарыс № 59 мектеп-лицей ғимаратында болады. Ұйымдастырушы — «Астана» журналы.
Хан дойбысының ғажайыбы — оның кестесінде. Онда астрономиялық ілімнен бастап философия, экономика, ғылым, мәдениет, саясат, мемлекет құру жүйесі сияқты тағы басқа сан алуан сала бір тұғырда тоғысады.
Баяғы бағзы заманнан бері хандардың, билердің, байлардың ел басқару, мемлекет құру ақылдарын сын тезіне түсіріп сынайтын ақыл-парасат майданы бұл күнде шаршы тақтада жалғасын таппақ. Хан дойбысы — жалпы он жылдан астам уақытта қазақтың руханиятын қадала бағып байқаумен, сан сараптап салыстыру пайда болып, жетілген ойын.
Оның кестесі қазақтың ою-өрнектерімен нақышталған. Ал тақтадағы ортақ фигура — қазақтың киіз үйі. Киіз үйдің сыртындағы ою-өрнегінің, шаңырағының түсі арқылы олардың атақ-дәрежесін, нақтылай айтсақ ханы мен қарашасын, биі мен батырын анықтауға болады. Бұл — ақыл-парасаттың, ел басқарудағы ілкімділікті сынау ойыны.
Хан дойбысы балалар мен жасөспірімдердің ақыл-өрісінің жетілуін тездетеді, қапияда амалдауға, ақылды әдіс-тәсілдерге жаттықтырады. Жеткіншектерге, жастарға рухани, экономикалық және әскери саясаттың салмақтылығын танытып, мемлекет құруда әрқайсымыздың орнымыз бар екенін ұғындыруда бұл ойынның берері мол.