Мәселен, ҚР ішкі істер министрлігі тарапынан бюджет және салық заңнамасы бұзылғаны анықталды. Тексеру барысында белгілі болғанындай, жол полициясының мемлекеттік көлік номерлерін, көлікті тіркеу туралы куәліктер мен жүргізуші куәліктерін өндіру жөніндегі өндірістік базасы күні бүгінге дейін құрылмаған. Айғақ заттар түрінде тәркіленген ақша, жүргізуші куәліктері мен көлік номерін бергені үшін төлемдер тәрізді республикалық бюджетке аударылуы тиіс қаржы дер кезінде түспеген. Зейнетақы қорларына ІІМ-нің қызметкері немесе әскери қызметкері болып табылмайтын адамдардың атынан мемлекеттік бюджет қаржысының есебінен жарналар аударылып келген. Жеке меншік кәсіпорынның мемлекет мүлкін пайдалану арқылы пайда тауып келу дерегінің беті ашылды.
ҚР білім және ғылым министрлігі жаңадан пайдалануға берілген білім беру нысандарының жұмысын қамтамасыз етуге арналған мақсатты трансферттерді жүзеге асыруға дәйекті бақылау жасамай келген. Мәселен 2003-жылы министрлікке білім беру нысандарын пайдалануға беру үшін мақсатты трансферттер бөлінген. Алайда осынау жұмысты жергілікті атқарушы билік аяқсыз қалдырған. Соның салдарынан 50 млн. теңге игерілмей қалды. Осындай жағдай 2004-жылы Қызылорда облысында да қайталанып, мұнда 20 млн. теңге игерілмеді.
Кейбір кәсіптік-техникалық білім ошақтарына жүргізілген тексеру барысында күрделі жөндеуге арналған бюджет қаржысын негізсіз пайдалану, жалақыға үстеме ақы белгілеп тарату, шәкіртақы қорындағы қаржыны мақсатсыз пайдалану, мемлекеттік сатып алу туралы заңды бұзу оқиғалары әшкереленді.
Есеп комитеті осыған байланысты республика үкіметіне тиісті құқықтық-нормативтік базаны жетілдіру арқылы кемшіліктер мен заң бұзушылықтардың алдын алу туралы нұсқау берді. Министрліктерге әшкереленген кемшіліктерді жойып, оған жол берген лауазым иелерін жауапкершілікке тарту ескертілді.