Есеп комитеті көші-қон және демография жөніндегі агенттігінің бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсап жіберу деректерін әшкереледі - kaz.caravan.kz
  • $ 522.38
  • 612.6
+6 °C
Алматы
2025 Жыл
12 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Есеп комитеті көші-қон және демография жөніндегі агенттігінің бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсап жіберу деректерін әшкереледі

Есеп комитеті көші-қон және демография жөніндегі агенттігінің бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсап жіберу деректерін әшкереледі

ҚР көші-қон және демография жөніндегі агенттігіне (қазір ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитетіне) республикалық бюджеттен бөлінген қаржының пайдаланылу жағдайына тексеру жүргізген Есеп комитеті агенттік пен оның аумақтық органдарының жұмысындағы бірқатар кемшіліктерді айқындады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне есеп комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.

  • 11 Ақпан 2005
  • 1099
Фото - Caravan.kz

Атап айтсақ, көші-қон процестерін ретеуші құқықтық-номативтік актілердің талабын бұзу, республикалық бюджеттің орындалуын қамтамасыз етпеу және бухгалтерлік есеп-қисап пен қажылық есеп беру жұмыстарын ұйымдастыруда кемшіліктерге жол бергені анықталды.

Мәселен, 2002-2004-жылдарда оралмандарды елге әкелу шараларына бөлінген бюджет қаржысы дер кезінде игерілмеген. 2003-2004-жылғы 15 мың отбасына бөлінген квота аясында республикаға 13807 отбасы көшіп келген. Сонымен бірге Павлодар, Маңғыстау, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астанада репатрианттарды көшіріп әкелу және әлеуметтік қорғауға бөлінген бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсап жіберу деректері анықталды. Бюджет қаржысын негізсіз жұмсау деректері Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында әшкереленген.
Тексеру барысында Астана қалалық көші-қон және демография жөніндегі басқармасының кассасында 2,4 млн. теңге кем болып шықты. 2004-жылдан бастап енгізілген оралмандарға тұрғын үй сатып алу тетіктерінің кемшілігі анықталды.
Агенттік көшіп келушілерді еңбекпен қамту, үй-жаймен қамтамасыз ету және бейімдеуге бағытталған нақты шараларды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді жобаламаған, қоныс аударушылардың біртұтас мәліметтер қорын құру және олардың жағдайына мониторинг жүргізу тәртіптерін ойластырмаған. «Бұл репатрианттарды жұмыспен қамтуда қиындықтар туғызумен бірге олардың ел ішінде бақылаусыз сабыла көшуіне апарып соғуда»,- деді комитеттегілер.
Бұған қоса Астана қалалық көші-қон және демография жөніндегі басқармасына қарасты бейімдеу және фильтрация орталықтарының өз міндетін тиісті деңгейде атқара алмай отырғандығы анықталды. Орталықта санитарлық-гигиеналық бөлме, ана мен балаға арналған орын-жай, демалыс бөлмесі мен күзет деген мүлдем жоқ болып шықты. Орталықта статистикалық есеп, қаржылық есеп, қаржылық-шаруашылық іс-қызметке ревизия деген мүлдем жүргізілмеген.
Осындай деректерге байланысты есеп комитеті ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қаралған мәселе бойнша беті ашылған заң бұзушылықтар мен кемшіліктерді жоюға нұсқау берді. Сонымен бірге жекелеген заң бұзушылық деректері бойынша тексеру материалдары құқық қорғау мекемелеріне жіберілді.
Сонымен бірге Есеп комитеті оралмандарға арнап тұрғын үй сатып алу жөніндегі жаңа механизмнің тиімділігін бағалау және оралман отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету теріктерін жетілдіруді республика үкіметіне, ал оралман отбасыларын туыстық байланыстарына қарай шағын қалалар мен елді мекендерде бірыңғай орналастыруды қамтамасыз ету, жұмыспен қамтуға жағдай жасау, оралмандарға берілетін әлеуметтік жеңілдіктерді жетілдіру жұмыстарын күшейтуді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктеді.

Перейти к новостям спорта