Есеп комитеті үкіметке жер және мүліктік есепті біртұтас кадастрдың негізінде жетілдіруді ұсынады - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Есеп комитеті үкіметке жер және мүліктік есепті біртұтас кадастрдың негізінде жетілдіруді ұсынады

Есеп комитеті үкіметке жер және мүліктік есепті біртұтас кадастрдың негізінде жетілдіруді ұсынады

Астана. 17 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Есеп комитеті үкіметке жер және мүліктік есепті біртұтас кадастрдың негізінде жетілдіруді ұсынады, деп хабарлайды агенттік тілшісі мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

  • 17 Қараша 2008
  • 897
Фото - Caravan.kz

Есеп комитеті Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердi ұтымды пайдалану жөнiндегi 2005-2008 жылдарға арналған бағдарламаны іске асырудың тиімділік бақылауының қорытындысын қарады. Жалпы сомасы 750 млн. теңгеден асатын республикалық бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына жол берілгені анықталды.

Есеп комитетінің бағалауынша, бағдарламаның көптеген іс-шараларының орындалғанына қарамастан, мерзімдері өтіп кеткен жекелеген кезеңдер мен іс-шаралар іске аспаған, нәтижесінде алға қойылған мақсаттар орындалған жоқ.

Республикада жер және мүліктік есептен тұратын біртұтас кадастр жұмыс істемейді. Бұл жер-мүлік кешені нысандары бойынша біртұтас мемлекеттік ақпараттық ресурс қалыптастыруға қиындықтар тудырады. Жер нарығын мемлекеттік реттеу деңгейінің сапасын көтеру — көбінесе жерге төленетін төлемдердің барлық түрлерінің кадастрлық құнына қарай белгілеуге байланысты. Нәтижесінде салық салу және жалдау оңтайландырылады, кепіл операциялары жүйесі жетілдіріледі. Тәжірибеде жер салығын өндіріп алу кадастрлық құн есепке алынбай, шартты негізгі (базалық) мөлшерлеменің қолданылуы арқылы жүргізіледі. Әзірге жылжымайтын мүліктің құны жылжымайтын мүлік орналасқан жердің құны есепке алынбастан белгіленуде.

Бағдарламада республикада жер мониторингі процесін жетілдіру көзделген. Бірақ бақылау іс-шаралары барысында стационарлық қадағалау бекеттерiнiң аумақтық-аймақтық торабының барлық жерде құрылмағаны анықталды. Мониторингі барысында байқау кезектілігі бойынша талаптар бұзылады және топырақ түрлерінің барлығы бірдей қамтылмайды.

Жер мониторингінің біртұтас жүйесінде басқа ведомстволар, атап айтқанда, Ауылшаруашылық министрлігі және Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жүргізген мониторингілер кезінде алынған жер жағдайы жөніндегі ақпарат жоқ.

Бағдарламада көзделген оңтайлы жер пайдаланудың экологиялық нормативтері ведомствоаралық келіспеушіліктің себебінен әзірленген жоқ және тәжірибеге де енгізілмеді.

Жер телімдерінің жалпы санының 3 192 995 бірлігінен тек 728 051 жер телімінің немесе 22,8 %-ының графикалық деректері бар және мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілген. Нәтижесінде республика бойынша елді мекендердің жер телімдері жөнінде толық дерек жоқ. Бағдарламада көзделген ақпараттық қамтамасыз ету деңгейін көтеруге қатысты мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізудің нәтижелеріне қол жеткізілген жоқ.

Бақылау барысында «Деректерді сақтау» кіші жүйесі кеш әзірленгендіктен, құны 138,7 млн. теңге тұратын «SAS SPM Server» қосалқы интеграцияланған шешім серверінің 2006-2007 жылдары пайдаланылмағаны анықталды.

Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік 77,7 млн теңгеге сатып алған кадастрлық құжат айналымын бағдарламалық қамтамасыз етуді орнатпаған. Сонымен қатар, прокуратура органдарының тапсырмасы бойынша әзірленген жаңа бағдарламалық қамтамасыз етудің негізінде барлық мемлекеттік органдарда құжат айналымының біртұтас есебі енгізілгені үшін бұдан әрі ол бағдарламаға қажеттілік болмауы мүмкін.

Ауылдық елді мекендердің жер-кадастрлық карталарын жасауға қатысты жекелеген қызметтердің сатылып алынғаны анықталды. Бұл қызметтерді Агенттікке қарасты ведомстволық уәкілетті ұйымдар кейін қолданбаған. Осылайша, Агенттіктің тапсырысы бойынша «Южгеодезия» РМҚК орындаған жалпы сомасы 200,0 млн теңге тұратын ауылдық елді мекендердің жер-кадастрлық карталарын «МемжерҒЫО» РМК практикалық жұмыста қолданбаған.

Есеп комитеті үкіметке жер және мүліктік есептен тұратын біртұтас кадастр құруды ұсынады. Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттікке қазіргі кездегі технологияларды қолдана отырып, геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындау үшін нормативтік-техникалық актілер әзірлеуге және стратегиялық жоспарда жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерге түгендеу жүргізуді ескеруге ұсынымдар берілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Соңғы жаңалықтар