"Есінен тандыратын зат берген": Жамбыл облысында әйел оқушы қызын жігіттер топтасып зорлап кеткенін мәлімдеді - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
+1 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Есінен тандыратын зат берген": Жамбыл облысында әйел оқушы қызын жігіттер топтасып зорлап кеткенін мәлімдеді

"Есінен тандыратын зат берген": Жамбыл облысында әйел оқушы қызын жігіттер топтасып зорлап кеткенін мәлімдеді

Жамбыл облысының тұрғыны Айгүл Қонқашова 14 жастағы қызын жігіттер топтасып зорлағанын мәлімдеді.

  • 12 Шiлде
  • 49
Фото - Caravan.kz

Сөзінше, сұмдық жағдайдың болғанына екі апта өтсе де, күдіктілердің ешқайсысы қамалмаған. Осылайша іс жылы жабыла ма деп қорқады. Айтуынша 8-сыныптағы қызға айуандық жасағандар естен тандыратын белгісіз зат беріп, онымен жыныстық қатынасқа түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 


Әйелдің сөзінше, түн ортасында қызының төсегінде жоқ екенін байқап, шарқ ұрып іздейді. Бірақ ақыры байланыса алмай, таңды көзбен атырып көшеге шыққан. Сол кезде ауладағы орындықта қызының сүлесоқ жатқанын аңғарған. Қимылсыз қызын құшақтап, ауруханаға жеткізеді. Оқушыны тексерген мамандар сараптама тағайындаған.  

Айгүл Қонқашева сол түні қызын таныс жігіті үйден шығуға көндірген деп отыр. Кейін көлікте тағы үш жігіт болған дейді. Айтуынша, жас шамалары 17, 18, 20, 25-тегі жігіттер 8-сынып оқушысына ойына келгенін істеп, таң сәріде ес-түссіз күйде есік алдына әкеліп тастаған.

“Қызым есін білмейді. Мас адамның буын-буыны істемейді ғой, тура сондай. Ішімдіктен бұрын, синтетикалық есірткінің бары зәр арқылы сараптамадан шықты. Нарколог, бәріне анализ өткіздік сол күні. Бұл жерде топтасып зорлау болып тұр ғой”, – деді қыздың анасы Айгүл Қонқашова. 

Қыздың туыстары күдіктілердің бостандықта жүргенін айтады. Ал полиция тек сараптамадан соң ғана шешім қабылдаймыз деп шығарып салған.

“Мен сендердің тергеушілеріңе қанағаттанбаймын, балалар. Бұл не деген сұмдық?! Кәмелетке толмаған қыз осындай жағдайға түсіп жатыр. Өздері алып кетті, зорлады, әкеліп тастады. Енді неге қамалмайды дегенімде маған сол Ержан “апа, қамалғанда сізге не пайда” деп айтты”, – деді қыздың апасы Айбаршын Шалова. 

Ал бар өкпесін айтқан жәбірленушінің туыстары прокуратурадан тергеушілердің дөрекілігі, бала құқығын қорғау бойынша комиссияның келмеуі, істің созбаққа салыну себебін сұрады. 

“Сол күні аудандық полиция бөлімінде Қылмыстық кодекстің 122-бабы, бірінші бөлімімен іс қозғалған. Қазір сот сараптамалары тағайындалған. Жәбірленуші айтып отырған барлық сұрақ, уәжі ескерусіз қалмайды. Оны мен прокурор ретінде назарға аламын”, – деді Қордай ауданының прокуроры Бірлік Ізбасаров. 

Созбаққа салынған сараптама қорытындысы шықпай тұрып қызға қанша жігіт озбырлық жасағанын біле алмаймыз. Ал қыздың анасы бұл істің өгіз аяңға салынуының сыры жыныстық қатынасқа түсті деген жігіттердің санын азайту деп түсінеді.