Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мира Сулейменова Арыс қаласындағы ауруханада адамдар «қырылып» жатыр деген ақпаратты да жоққа шығарды.
«Өзіміз де әлеуметтік желілерді қарап отырмыз. Арыстағы ауруханада адамдар «қырылып» жатыр немесе бір ер адам қайтыс болды, тағы бір әйел қайтыс болды деген ақпараттарды оқып отырып, таңғалудамыз. Бұл – жалған. Біріншіден, Арыс қаласындағы аурухана жұмыс істемейді. Екіншіден, онда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түркістанда ортақ жедел жәрдем желісі бар. Арыстықтарға көмек керек болса, жақын маңдағы Ордабасы ауданына жедел жәрдем бригадасы жіберіледі. Арыс қаласының ауруханасы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, ағымдағы жылдың 1 тамызында іске қосылады деп жоспарланған», — деді Мира Сулейменова.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы жөндеу барысы қалай жүріп жатқанын көрсететін фотосуреттермен бөлісті.