Елбасының айтуынша, осындай шешімдер қатарында «су-энергетикалық қорларды тиімді игеру, шойын жолмен жүк тасымалы үшін ЕурАзЭҚ аясында ортақ тарифтік база қалыптастыру, Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке өту мәселесі бойынша Достастық елдерінің ұстанымын келісу, шекаралық саясат негіздері мен ЕурАзЭҚ заңнамалық негіздері төңірегіндегі ұстанымдарды үйлестіруді атауға болады». Сондай-ақ, «құнды қағаздар рыногындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімнің мәтіні қабылданып, ЕурАзЭҚ аясындағы 2005-2006-жылдарға арналған банк саласын реттеу және қадағалау бағытындағы ынтымақтастық жоспары бекітілді»,- деді президент. Сондай-ақ, Н.Назарбаевтың айтуынша, Еуразиялық бестік мемлекет басшылары «экономика және бюджеттік саясат саласындағы негізгі жұмыс бағыттарын айқындайтын бюджеттік жолдауды қабылдады». «Бұл шешімдердің барлығы да халықтың тұрмыс-ахуалын жақсартып, оларды өзара жақындастыру үшін экономиканың нақты секторындағы интеграцияны күшейтуге бағытталған»,- деді Елбасы.
Сондай-ақ, «ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесіне бұрынғыдай Қазақстан төрағалық жасай береді деген шешім қабылданды»,- деді президент. ЕурАзЭҚ бас хатшысы қызметін де Григорий Рапота атқара бермек. «ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің кезекті отырысы 2005-жылы Мәскеуде өтеді»,- деді Қазақстан президенті.