Жарияланды: 800

ЕурАзЭҚ қызметінің стратегиялық мақсаттарының бірі - оның эволюциялық ілгерлеу арқылы келесі, яғни барынша жетілдірілген құрылым - Еуразиялық экономикалық одаққа өту болып табылады - Назарбаев

Астана. 13 қазан. "Қазақстан Бүгін" - ЕурАзЭҚ қызметінің стратегиялық мақсаттарының бірі - оның эволюциялық ілгерлеу арқылы келесі, яғни барынша жетілдірілген құрылым - Еуразиялық экономикалық одаққа өту болып табылады. Бұл туралы президент Нұрсұлтан Назарбаев ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде атап көрсетті, деп хабарлайды агенттік тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"ЕурАзЭҚ қызметінің стратегиялық мақсаттарының бірі - оның эволюциялық ілгерлеу арқылы келесі, яғни барынша жетілдірілген құрылым - Еуразиялық экономикалық одаққа өту болып табылады. Осыған орай, мұндай Одақты құрудың негізгі құралдарының бірі ретінде экономиканың нақты секторы, дәлірек айтқанда, өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер, банк және қаржы институттары, әрбір мемлекеттің инновациялық дамуын қамтамасыз ететін ғылыми орталар болуы тиіс", деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев. Бішкекте Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының кеңесі мен ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің отырыстарына және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуіне қатысты. ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесі отырысының күн тәртібіне Достастық аясында ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты кең ауқымды мәселелер енгізілді. Талқылау қорытындысында президенттер ұйым қызметін жетілдіру, энергетиканың жетекші салаларындағы өзара іс-қимылдың келесі жылғы ынтымақтастық шараларын айқындау жөнінде шешімдер қабылдады. Сондай-ақ, шекаралық және өңіраралық ынтымақтастық, қауіпсіздік саласы бойынша бірқатар халықаралық келісімдерге қол қойылды. Әлемдік қаржы дағдарысының салдарын жеңілдету мәселелері бойынша қаржы министрлері деңгейінде жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Топтың алғашқы отырысы 10 күннен кейін Мәскеуде өткізілмек. Нұрсұлтан Назарбаев аталған саммит халықаралық қарым-қатынастардың барлық жүйелерінің шұғыл өзгеріске ұшырап жатқан шағында өтіп жатқанын және осы өзгермелі әлемде ТМД қызметі мен оның бұдан кейінгі келешегіне жаңаша қарауды талап ететінін атап өтті. Мемлекет басшысы Достастықтың болашағына қатысты мәселеге жауапкершілікпен әрі сарабдалдықпен қарауға шақырып, ол қазірде Қазақстан үшін өзінің геосаяси, экономикалық және мәдени маңызын сақтайтынына тоқталды. Мемлекет басшылары ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің отырысында ЕурАзЭҚ-тың өзекті проблемалары мен даму келешегіне қатысты мәселелерді талқылады. 2010 жылға дейін Кедендік одақ құру жөніндегі Іс-қимыл жоспарына сәйкес, ЕурАзЭҚ шеңберінде Кедендік одақ пен Біртұтас экономикалық кеңістік құру мәселелері қаралды. Сонымен қатар, Еуразиялық даму банкіне Қауымдастық жанындағы бақылаушы мәртебесін тағайындау жөніндегі стратегиялық маңызды шешім қабылданды. Бұл шешім аталған халықаралық қаржы ұйымына жаңа қатысушылардың кіруіне, қатысушы мемлекеттердің сауда-экономикалық байланыстарын дамытуға және интеграцияны одан әрі дамытуға ықпал ететін болады. Сондай-ақ, сол күні Бішкекте Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі өтіп, онда өңірдегі су шаруашылығы, энергетика және азық-түлік салаларындағы көкейкесті мәселелерді бірлесе шешу, сондай-ақ Аралды құтқарудың халықаралық қоры қызметінің мәселелері қаралды. Кездесу қорытындысында Орталық Азия мемлекеттері арасындағы одан әрі өзара іс-қимылдың міндеттері мен келешек бағыттары айқындалды. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін