Олар әр түрлі мемлекеттерден келіп түскен 200 картинаның ішінен іріктеп алынды. Үздік туындылардың арасында қазақстандық кинорежиссерлердің де еңбектері бар.
«Конкурстық бағдарламаға қатысатын фильмдерді іріктеу сатысына қойылған басты талап – киноның тілі болатын. Кез-келген фестивальдің мақсаты киноөнерді дамыту болып табылады. Біз осы талаптан ауытқымауға тырыстық. Әркімнің пікірі әрқалай болғандықтан ұзақ дауластық. Нәтижесінде, бағдарламаға қатысатын 12 фильмді іріктеп алдық», — деп сейсенбі күні Х халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің іріктеу комиссиясы төрағасы Дидар Амантай.
Конкурстық бағдарламаға қатысатын кинокартиналар тізіміне: «Су айдыны» (Жапония, Ирландия, Франция, Испания, режиссері Наоми Кавасе), «Тастағы естеліктер» (Ирак, Германия, режиссерлері Мехмет Актас пен Шафхат Әмин Корки), «Қиындыққа толы күн» (Оңтүстік Корея, режиссері Ким Сон Хун), «Оның жанында» (Израиль, режиссері Асаф Корман), «Мандарин» (Эстония, Грузия, режиссері Заза Урушадзе), «Бота» (Албания, Италия, режиссері Ирис Элези, Томас Логореци), «Жылқылар мен адамдар туралы» (Исландия, Германия, Норвегия, режиссері Бенедикт Эрлингссон), «Жұлдыз» (Ресей, режиссері Анна Меликян), «Дала дауысы» (Қазақстан, режиссері Ермек Шинарбаев), «Қыдырымпаз» (Франция, режиссерлері Мари Амашукели, Клер Бюргер және Сэмюэл Тейс), «Ковбойлар» (Хорватия, режиссері Томислав Мрсич) және «Тыныш… қыздар жыламайды» (Иран, Поран Дерахшанде) фильмдері бар.
Фестивальде негізгі конкурстық бағдарламалардан тыс «Шәкен Аймановтың 100 жылдығы», «Шығыс-Батыс» кинокөпірі, «Бүгінгі корей киносы», «Қазақ «толқынының» 30 жылдығы» және «Қысқа метражды фильмдер түні» бағдарламалары көрсетіледі.
«Биылғы жылы біз «Қысқа метражды фильмдер түні» бағдарламасын қайта енгіздік. Онда келешек классиктердің туындылары мен қазіргі жас режиссерлеріміздің жұмыстары көрсетіледі», — дейді «Еуразия» кинофестивалінің бағдарламалар жөніндегі директоры Диана Әшімова.
«Еуразияның» әділқазылар алқасы құрамына қытайлық режиссер Цзя Чжанкэ; КСРО Халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, режиссер, қазақтың белгілі актері Асанәлі Әшімов; Корей режиссері Ли Чан Дон; неміс режиссері Андреас Дрезен; белорус актрисасы, режиссер, Ольга Дыховничная енді.
Кинофестиваль қонақтарының арасында француз бен грек режиссері, сценарист және продюсер Коста-Гаврас, корей елінің актрисасы Канг Су Ен, ресейлік режиссер Сергей Соловьев, продюсер әрі режиссер Валерий Тодоровский, Ресейдің еңбегі сіңген әртісі Анастасия Мельникова, қытайлық актриса Чжао Тао, латвиялық актер Ивар Калныньш, ресейлік актер Александр Панкратов-Черный бар.
Сонымен қатар, француз режиссерлері мен продюссерлері Пьер Риссьен және Ромен Гаврас, Еуразиялық телевидение және радио академиясының президенті Валерий Рузин, ресейлік актерлер Александр Тютин, Владимир Стержаков, Валерий Николаев, Жанна Эппле және Мария Берсенева да фестиваль қонағы ретінде шақырылған.