Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесі мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырыстарынан кейінгі қорытынды брифингіде мәлім етті.
«Біз бүгін түбегейлі былай деп шештік: БЭК бойынша бұған дейін 17 құжат қабылданған болса, тағы 52 келісім қабылданатын болады. Келесі жылы кезең-кезеңмен одан әрі жұмыс жоспары қабылданады, ал 2014 жылдың ортасына қарай Еуразиялық экономикалық одақ құру жоспарын әзірлейміз және 2015 жылғы 1 қаңтарда бұл одақ құрылады деген үміттеміз», деп атап өтті Мемлекет басшысы.
«Сондай-ақ біз әзірге алға ұмтылудың қажеті жоқ, деп уағдаластық, бұл жұмысты түбегейлі шешпейінше, жаңа интеграциялық істерді ойластырудың да қажеті жоқ және «бірінші қабатты салып болмай, екінші қабатты салуға тырысудың да қажеті жоқ», — деп атап көрсетті Н.Назарбаев. — Жоспар бойынша, бірте-бірте жүру керек. Еуразиялық экономикалық комиссия біз берген өкілдіктер ауқымында жұмыс жасайды».
Қазақстан басшысы сөзінің соңында өткізілген кездесулерге қанағаттанатынын білдірді және тараптар толымды сенімге негізделген әңгіме жүргізе алды, деп атап өтті. «Біз дұрыс жолда келе жатырмыз, деп ойлаймын. Еуразиялық экономикалық одақ — қазіргі заманғы қатерлерге біздің жауабымыз», — деп түйді Президент.