Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мақұлданды - Мәжіліс - kaz.caravan.kz
  • $ 488.37
  • 559.77
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мақұлданды - Мәжіліс

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мақұлданды - Мәжіліс

Бүгін Парламент Мәжілісі «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

  • 1 Қазан 2014
  • 557
Фото - Caravan.kz

Еске сала кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің президенттері ағымдағы жылдың 29 мамырында Астанада қол қойған болатын.

Шартқа сәйкес, Қазақстан, Ресей мен Беларусь Еуразиялық экономикалық одақты құрады. Оның шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысына қатысты бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етіледі. Бұл ретте ЕАЭО халықаралық құқық субъектілеріне ие, өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы болып табылады. 

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізгі мақсаты — мемлекеттер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамыту, тараптар халқының өмір сүру деңгейін арттыру мүддесіне орай олардың экономикаларының тұрақты дамуы үшін жағдай жасау. Бұдан бөлек, шартта тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, ресурстардың бірыңғай дамуын қалыптастыруға ұмтылу көзделіп, жаһандық экономика жағдайында ұлттық экономикаларды жандандыру, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру қарастырылады.

Шартқа сәйкес, ЕАЭО өз қызметінде тараптардың егемендігі мен олардың аумақтың тұтастығы қағидаттарын қоса алғанда, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарын құрметтеу, мүше елдердің саяси құрылымының ерекшеліктерін құрметтеу, тараптардың өзара тиімді ынтымақтастығын, тең құқылығын және ұлттық мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз ету, нарықтық экономика және адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау негізінде жүзеге асыратын болады.

«Шарттың мәні тек қана экономикалық ынтымақтастық мәселелері болып табылады. Егемендік, теңдік, тең құқылық және мемлекеттің ұлттық мүдделерін ескеру принциптері қамтамасыз етілді. Шарттың барлық деңгейдегі маңызды стратегиялық шешімдері қабылданған кезде консенсустың нақты тетігі қамтылатын болады. Бұл бір мемлекеттің басымдықта болатын мүмкіндіктеріне жол бермейді», — дейді заң жобасы бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары еуразиялық интеграциялық процеске көптеген елдер қызығушылық танытып отыр. Мәселен, қазіргі кезде Армения мен Қырғызстан интеграциялық үдеріске бірігудің белсенді фазасына шықса, Үндістан, Вьетнам, Түркия, Мысыр, Иран секілді елдермен қоса, еуропалық еркін сауда қауымдастығындағы Исландия, Норвегия, Швейцария мемелкеттері Кеден одағы елдерімен еркін сауда аумағын құруға мүдделіліктерін білдірген. Осының өзі дамып келе жатқан интеграцияның перспективасы мол екенін және экономикалық мүмкіндіктерінің кең екенін білдіреді.

Парламент Мәжілісі мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.