«Сентрас Секьюритиз» сарапшыларының пікірінше, бұл үрдіс жалғасуы мүмкін, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы LS-ке сілтеме жасап.
22 сәуірде Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық қорытындысы бойынша рубльдің теңгеге қатысты орташа сараланған бағамы 6,37 теңгені құрады. Сарапшылар мұны Украинадағы соғыстың аяқталуына және Ресейге салынған санкциялардың ішінара немесе толық алып тасталуына деген инвесторлардың үмітімен байланыстырып отыр.
«Осы жағдайға орай рубль басқа валюталарға қарағанда едәуір нығайып жатыр, ал теңге де осы үрдіске ілесіп отыр», — дейді «Сентрас Секьюритиз» компаниясында.
Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай Ресейге тауар экспорттайтын кәсіпкерлер үшін оң әсерін тигізіп, ал импорттаушылар үшін теріс салдарлар туындатуы мүмкін. Қысқа мерзімде отандық өндірушілер пайда көреді, себебі олардың өнімдері бәсекеге қабілеттілігі артатын болады.
«Импорттың толық ауыстырылуы қысқа мерзімде жүзеге аспайды. Сондықтан рубльдің нығаюы бірқатар тауарлардың бағасының өсуіне әкеліп, бұл инфляцияның жеделдеуіне ықпал етуі мүмкін. Бір жағынан, ішкі өнім (ЖІӨ) ұлғайып, жергілікті тауарлардың сатылуы есебінен елде қосылған құн көбірек сақталуы мүмкін. Екінші жағынан, тұтынушылық бағалардың өсуі ықтимал», — деп түсіндірді қаржы ұйымының өкілдері.
Сарапшылардың пікірінше, теңгенің рубльге қатысты болашақ бағамы көптеген факторларға тәуелді. Осы факторлардың ішінде бастысы- геосаяси жағдайдың өзгеруі.
«Егер соғыс аяқталса, Ресейге енгізілген санкциялар ішінара немесе толық алынатын болса (бұл екіталай), және активтер бұғаттан шығарылса, рубльдің күшеюі мүмкін. Мұндай жағдайда RUB/KZT жұбы 7 немесе 8 деңгейіне дейін төмендеуі ықтимал. Алайда, бұл жағдайларды алдын ала болжау өте қиын», — деп болжам жасайды «Сентрас Секьюритиз».
Сондай-ақ, сарапшылар EUR/KZT жұбына қатысты пікір білдірді. Аталған валюта жұбы бойынша 21 сәуірдегі орташа сараланған бағам- 601,59 теңге. Олардың айтуынша, қазіргі таңда бұл көрсеткіштің USD/KZT жұбымен айырмашылығы доллардың еуроға қатысты әлсіреуінде жатыр.
«Егер АҚШ-тың қазіргі билігі сауда саясатын айтарлықтай өзгертпесе, еуроның долларға қатысты бағамы одан әрі өсуі ықтимал», — деп қорытындылады сарапшылар.
Еуро бағамы да өсті
Қазақстандағы айырбастау пунктерінде еуро бағамы өсті.
Астанада еуро сату бағасы 605 теңгеге жетсе, сатып алу бағасы 595 теңге болды. Алматыда еуро сату бағасы 605 теңге, сатып алу бағасы 598 теңге деңгейінде тіркелді.
Көптеген шетелдік турпакеттер (әсіресе Еуропаға) еуромен есептелетіндіктен, валюта бағамының өсуі жолдамалардың теңгедегі құнының көтерілуіне әкелуі мүмкін.
Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, туроператорлар бағаны қайта қарауға мәжбүр болады.
Бұл әсіресе жазғы маусымда, яғни сұраныс ең жоғары уақытта, өзекті болмақ.