Ойын нәтижесінде Германия мен Португалия құрамалары «В» тобындағы ең үздік нәтижені көрсетіп, плей-оффқа жолдама алды.
Харьковтағы «Металлист» алаңында Нидерландының құрама командасы бірінші минуттардан-ақ тізгінді өз қолына алып, екі рет қақпадан саңылау табуға әрекеттенді. Ойынның 10-шы минутында Рафаэль ван дер Варт өз мүмкіндігін 50 пайызға асырды. Арьен Робен Рафаэль ван дер Вартке пас беріп, ол өз кезегінде допты қақпаға дәл бағыттады. Ол Руй Патрисиудың қақпасына алыстан көздеп, гол салды.
Бұл уақытта Львовта «Арена Львов» алаңында дүбірлі додада бақ сынасқан немістер даттарға қарсы ойында есепті бірінші болып ашты. Лукаш Подольски бірінші голдың авторы аттанды. Томас Мюллер даниялықтардың айып алаңында Подольски оңаша қалған кезде теңбіл топты қақпаға қарай тура бағыттай тепті. Лукаш әбжіл қимылдап, Стефан Андерсен қорғаған қақпаға қақырата соқты.
Даттықтар 5 минуттан кейін есепті теңестіре алды. Ларс Якобсен бұрыштан соққан допты ұтымды пайдалана білген Микаэль Крон-Дели «Еуро-2012» чемпионатындағы өзінің екінші голын соқты.
Харьковта осы шамалас уақытта португалдықтар да есепті теңестірді. Команданың капитаны Криштиану Роналду шеберлік таныта білді. Жуан Перейра допты Роналдуге бағыттады, ол өз кезегінде Мартен Стекеленбургті алдап өтіп, гол авторы атанды.
Екінші таймда португалдықтар екінші голды бірінші болып соқты. Бұл жолы да Криштиану Роналдудың мысы басты. Ол Наниден берілген допты қағып алып, голландықтардың қорғаушыларын шаң қаптырды. Жақын бұрыштан соғылған доптан кейін есеп 2:1 болды.
Осылайша Германияның құрама командасы барлық матчтарда жеңіске жетіп, «өлім тобында» бірінші орынды еншіледі. 6 ұпай жинаған португалдықтар екінші орынға жайғасты. Дания нидерландықтардан басып озып, «Еуро-2012» чемпионатын бір жеңіспен аяқтады. Голландықтар ешбір ұпай жинай алмады.
Бүгін «С» тобындағы үшінші матч өтеді. Гданьскіде плей-оффқе жолдама алу үшін Хорватия мен Испанияның құрама командалары кездеседі. Сондай-ақ тап сол уақытта Познанда Италия мен Ирландияның командалары бақ сынасады.