Қазіргі жағдаймен ТАСИС бағдарламасы аясында реактордағы ядролық қауіпсіздікті жақсартуға техникалық көмек көрсету мақсатында 10 жыл бойы жүзеге асырылған жеті жоба табысты аяқталды, деді М.Куллет. Үш жоба жабдықтарды пайдалануға беру сатысында тұр. Атап айтсақ, бұлар — өрт қауіпсіздігін жақсарту, пайдаланылған отын сақталатын бассейнді жөндеу және қызметкерлерді радиациядан қорғау жобалары.
Жобаларды жүзеге асыруға Еуропалық Одақ 10 млн евро бөлді, оның 4 млн. евросы қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалды.
М.Куллеттің айтуынша, реакторды пайдаланудан шығаруға бағытталған жұмыстар одан әрі жалғасуда. Биыл сұйық және қатты радиоактивтік қалдықтарды өңдеу жұмыстары қолға алынды. Бұл жоба МАЭК-тің индикативтік бағдарламасына қамтылған. Жобаны жүзеге асыруға 3-4 жыл қажет. Еуропалық Одақ тарапынан жобаны жүзеге асыруға 10 млн. евро бөлінді.
М.Куллеттің хабарлауынша, ядролық қауіпсіздік жобаларына Қазақстанға арнап 2 млн. евро бөлінді. «Бұл сан алдағы 2-3 жылда 5-6 млн. евроға жетеді, ал келісім-шарттары 6-7 жылға созылады»,- деді бағдарламалардың жетекшісі.