Ол Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы бұған дейінгі келісілген уағдаластықтар күшін жоймайтынын айтты. Салливанның сөзінше, Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жақсы дамып келеді. Бұл туралы қаржы сарапшысы Айбар Олжаев жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұл ретте ЕО Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі екенін және тікелей шетелдік инвестицияның негізгі ағыны да Еуропалық одақтан келіп жатқанын жақсы білеміз.
О’Салливан, Қазақстан тарапы қазір күн тәртібінде тұрған бірнеше проблемалық мәселелерді сәтті еңсеріп жатыр деген пікірде. Мысалы, ЕО-ға мұнай тасымалының негізгі көзі болып отырған Каспий құбыр консорциумына балама жол іздеу. Өйткені Еуропалық одақ қазақ жерінен шығып жатқан мұнайды сатып алатын негізгі тұтынушы.
Екі тарап үшін де маңызды саналатын екінші мәселе — Еуразиялық даму банкіндегі активтер бұғатталудан шығарылды. Енді оны Қазақстанда іске асырылатын жобаларға жұмсауға болады.
Үшіншіден, Қазақстан мен Ресей арасындағы жалпы тауар айналымының тек 1%-ын құрайтын әскери мақсаттағы тауарлар тізімін О’Салливан: «импорт пен реэкспорт көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді» деп сипаттады. Бұл біз үшін жақсы нәтиже болып отырғанын айта кету керек.
Төртіншіден, ЕО мен Қазақстан арасындағы байланысты одан әрі нығайту үшін визалық рәсімдерді жеңілдету бойынша келіссөздер талқыланып жатыр. ЕО-ның арнайы өкілі бұл мақсатта жақсы жаңалықтар күтетінін де жасырмайды.
Жалпы алғанда О’Салливан Қазақстанның санкцияларға қосылмау туралы шешімін құрметтейтінін атап өтті. Ең бастысы Қазақстан G7 елдерінің санкцияларын айналып өтуге мүмкіндік беретін елге айналмаса екен деген тілегін жеткізген.
Еуроодақпен ойнауға болмайды. Ол мұнайымыздың негізгі клиенті. Қазақстанға тартылған шетелдік инвестицияның 48 пайызы Еуропаның еншісіне тиесілі. Оның үстіне былтыр ЕО мен Қазақстан арасындағы алыс-беріс көлемі 42 миллиард долларға жеткен. Ресеймен де, бір одақ аясындағы тығыз сауда байланысын жоққа шығара алмаймыз. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай барлық тараппен ымыраға келу басты міндет.
Біз үшін ұлттық мүдде бәрінен жоғары болмақ. Бұған дейін айтылғандай Қазақстан бейтараптық пен көпвекторлық саясат аясында Батыстың шектеулеріне бағынатынын бірнеше рет атап өткен. Осы уақытқа дейін Қазақстан тарапынан өрескел заң бұзушылық анықталған емес. Ресейдің де көңілін тауып, жайғастырып қойдық.