Жарияланды: 410

Еуроодақ комиссары Рахат Әлиевке қатысты жағдайға араласуды көздеп отыр

Еуроодақ комиссары Вивиан Рединг Аустрияның әділет министрі Беатрис Карлдан олардың Рахат Әлиевті неліктен қорғаштап отырғанын сұрамақ, деп жазады аустриялық Die Presse газеті.

«Адам құқықтарын ауыр бұзғаны үшін айыпталған адамның Аустрияда бой тасалап жүргені қалай?», - деген В. Редингтің сөздері мақалада келтіріліп отыр. Die Presse газетінің жазуынша, В. Рединг қалыптасып отырған жағдайды «Қазақстанның Аустриядағы бұрынғы елшісімен жасалған алаяқтық» деп атаған. «Біз Әлиев мырзаның қайда жүргенін анықтауға тырысамыз. Ондай адамның жасырынып жүргені бізді алаңдатады», - деп мәлім етті В. Редингтің баспасөз хатшысы. Бұрын хабарланғандай, Қазақстанда 40 жылға бас бостандығынан айыруға сырттай сотталған бұрынғы елші Р. Әлиевке жақында жаңадан сырттай айыптар тағылды, ол «Нұрбанктің» екі топ-менеджері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты өлтірді деп айыпталды. 15 маусымда бас прокурор Асхат Дауылбаев президент Нұрсұлтан Назарбаевқа 2007 жылы Ж. Темірәлиев пен А. Хасеновқа қатысты жасалған қылмыс бойынша толық мәліметтердің бәрін баяндады. Ақ орданың ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, «топ-менеджерлерді Әлиев, Кошляк және басқа да адамдардан құралған қылмыстық топ мүлкін бопсалау мақсатымен ұрлап кеткен». А.Дауылбаевтың мәліметінше, Әлиевтің Алматыдағы резиденциясында банкирлерді байлап, азаптаған, психотропты препараттарды қолданған. Кейін Темірәлиев пен Хасеновты Ремизов шатқалына алып барып, тұншықтырып өлтірген. Н. Назарбаев күш құрылымдарынан Әлиевті және қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды «экстрадициялау үшін қажет шараларды бәрін қабылдауды» талап етті. Алайда Аустрия билігі Қазақстанның Р. Әлиевті экстрадициялау туралы екі өтінішін де қанағаттандырудан бас тартты. Әлемдік БАҚ-тың хабарлауынша, Р. Әлиевтің ықтимал құрбандарының адвокаты жақында Аустрияда Р. Әлиевтің сол елден Мальтаға кетіп қалғанын мәлімдеген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін