Еуропа елдеріндегі жаппай наразылықтар жалғасуда - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еуропа елдеріндегі жаппай наразылықтар жалғасуда

Еуропа елдеріндегі жаппай наразылықтар жалғасуда

Еуропа елдерінде жаппай наразылықтар жалғасуда. Әлеуметтік салаға бөлінетін қаржының қысқартылуына қарсы Испания, Португалия, Италия мен Грекия сияқты Кәрі құрлықтың жалпы саны 23 елінде миллиондаған тұрғын ереуілдетіп жатыр. Бейбіт басталған шерулер әсіресе Испания мен Португалияда жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Мұнда қала көшелері күл-қоқысқа толып, мемлекеттік ғимараттарға шабуыл жасалған. Ашынған жұртты сабасына түсіру үшін тіпті тәртіп сақшыларына қару қолдануға тура келді. Жарақаттанғандар саны мыңнан асып жығылды.

  • 16 Қараша 2012
  • 412
Фото - Caravan.kz

Еуропалық одақтың экономикалық саясатына көңілі толмаған Испания халқы қарсылығын жергілікті банк пен мемлекеттік ғимараттарды қиратумен бастады. Тек Барселона мен Мадридте жиналғандар саны жарты миллионнан асып жығылса, ел аумағында бас көтергендер 9 миллионды құраған. Ұрандатып көшеге шыққандар қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, қарапайым жұмысшылар мен журналистер бар. Шерулер соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, полициямен қақтығысқан. Салдарынан 70 адам жарақат алып, 140-ы қамауға алынды. Жұрт Еуроодақтың нұсқауымен іске асып жатқан әлеуметтік шығындар мен жұмыс орындарының азайтылып, салықты ұлғайту саясатына қарсы.

Педро Альмадовар, режиссер:

— Мемлекеттің алға қойған саясатымен келіспеймін. Қазір болып жатқан жағдайлардың барлығы қорқынышты. Бар айтарым Еуропа көп ұзамай құлдырайды. Себебі медицина, білім беру салаларына қаржы жетіспей жатыр.

Тек Испаниядағы наразылық шарасынан ондаған ірі өндіріс орындарына өз жұмысын тоқтатуына тура келді. Салдарынан мемлекет миллиондап шығынға батып жатыр. Бұл онсыз да мүшкіл жағдайдағы бюджетке ауыр соғатыны сөзсіз.

Хасинто Теран,
Барселона қаласының тұрғыны:

— Бұл жерде тек бейбіт шерушілер ғана емес, билікке шынында да ашулы азаматтар көп. Сондықтан мен өз балаларым мен немерелерім үшін алаңдаймын. Биліктің әрекетінен олар болашақсыз қалуы мүмкін.

Португалияда да тура осындай жағдай. Ірі әуе компаниялары рейстерінің жартысын кейінге шегеруге мәжбүр. Метро мен өзге де қоғамдық көлік қозғалысы тоқтаса, Лиссабондағы шеру шиеленісе түскен. Мұнда ереуілшілер полицияға қарсы тас, жанғыш сұйықтық құйылған шөлмектер атқылаған. 

Кәрі құрлықтың 23 мемлекетіндегі өткен осындай наразылық шарасы Еуропалық одақтың экономикалық саясатына қарсы бағытталған. Билік дағдарыстан шығу үшін жұмыс орындарын қысқартып, әлеуметтік төлемдерді азайтқан еді. Үнемделген қаржы Еуроодақтың ортақ қазынасынан, дәлірек айтқанда Германиядан алынған несиені жабу үшін жұмсауды жоспарлаған. Сондықтан жергілікті билікке жаппай қарсылық қалай жалғасса да Брюссельден келген бұйрықты орындау керек. Яғни аталған елдер бюджетті барынша үнемдеуге міндетті. Қарыз берілген кезде басты талап осы болатын.

Соңғы жаңалықтар