«Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының хатшылығы тарапынан біз Қазақстанмен арада сенім және қауіпсіздік шараларының аясында ғана емес, сонымен бірге жеңіл қаруларды жою және зымыран отыны компоненттерін пайдалы жарату салаларында да жақын ынтымақтастық орнатуды қолдаймыз»,- деді П.Олин.
«Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен арадағы әскери-саяси ынтымақтастық саласындағы міндеттемелерін адал атқарып, өз қару-жарағына қатысты ақпараттарды беруде ашықтық танытуда»,- деді өкіл.
Өз тарапынан ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Болат Сембиновтың мәлімдеуінше, «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен арадағы әскери-саяси ынтымақтастық белсенді, прагматикалық және өзара тиімділік сипатқа көшті». «Біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының негізгі құжаттары мен қару-жараққа бақылау қою жөніндегі халықаралық режимдерді орындауға баса мән береміз. Өйткені олар бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда айрықша маңызды роль атқарады»,- деді ол.
ҚР қорғаныс министрі орынбасарының пікірінше, «бүгінгі кездесуді мемлекет басшысының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен арадағы әскери-саяси және қорғаныстық-дипломатиялық салалардағы ынтымақтастықты нығайту туралы талабының жүзеге асуы деп қарастыру қажет».
Қазақстанда қару-жараққа бақылау қою жөніндегі аймақтық оқу орталығын құру туралы шешім қабылданды,- деп хабарлады министрдің орынбасары. Орталықта тек қазақстандық мамандар ғана емес, сонымен бірге аймақтағы басқа елдердің де өкілдері оқиды деп күтілуде.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өкілдерінің Қазақстанға сапары ҚР қорғаныс министрлігінің жанындағы қару-жарақты қысқартуға бақылау қою және инспекциялық іс-қызметті қамтамасыз ету жөніндегі орталықтың бастамасымен қыркүйектің 4-9 аралығында жалғасады. Ол Қазақстанның «Өзара сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары жөніндегі 1999-жылғы Вена келіссөздерінің құжаты» бойынша жүктеп алған халықаралық міндеттемелерді орындау аясында өткізіліп отыр. Өкілдер Қарағандыдағы авиациялық базада, сондай-ақ, Щучинск қаласындағы Ұлттық қорғаныс университетінде болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті