Жарияланды: 580

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының әлеуметтік зерттеуі еліміздегі тергеу абақтыларында тергеудегі азаматтардың құқығы ұдайы бұзылатындығын айғақтап берді

"Азаматтық қоғамды дамыту" атты қоғамдық қор мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бірлесе өткізген әлеуметтік зерттеу еліміздегі тергеу абақтыларында тергеудегі азаматтардың құқығы ұдайы бұзылатындығын айғақтап берді. Бұл туралы жоба басшыларының бірі адвокат Азамат Рыскелдин "Тергеудегілер құқығы" атты дөңгелек үстелде хабарлады.

Бұл зерттеу 2003-жылдың тамыз-қыркүйек айларында Алматыдағы тергеу абақтысында жүргізілді. А.Рыскелдиннің айтуынша, қоғамдық қор зерттеу-сауалнаманы тергеу абақтысында отырған тұтқындар арасында өткізуге рұқсат ала алмағандықтан, респонденттер ретінде тергеу абақтысының қызметкерлері, тұтқындағылардың туыстары мен олардың адвокаттары тартылды. Барлығы 150 адам сауалнамаға қатысты. Адвокаттардың пікірінше, тергеудегілердің ең көбірек бұзылатын құқықтары ретінде мыналарды атауға болады : азаматтардың қамауға алынғандығы туралы олардың туыстарына дер кезінде хабарламау (заң бойынша 5 сағаттан 3 тәулікке дейін хабар берілуі тиіс) , дер кезінде күдіктінің адвокатын шақырмау (3 тәулікке дейін), тергеу барысында күдіктіге түсініктеме жаздыру секілді процессуалдық емес құжаттар пайдалану, тергеудегі азаматқа қысым көрсету т.б. Сауалнамаға қатысушы адвокаттардың небәрі 7 процентінің атап көрсеткеніндей, полиция көбінесе әлеуметтік мәртебесі төмен азаматтарға ғана ұрып-соғу қысымын қолданады. Адвокаттардың 90 проценті тергеушілер психикалық қысым көрсету тәсілін қолданатынын мәлімдеді. Ал адвокаттардың 92 проценті тұтқындардың тазалық талаптарына сай келмейтін орын-жайға қамалатынын, сол арқылы олардың азаматтық құқықтары тапталатынын хабарлады. Ал сауалнамаға қатысқан тергеу абақтысы қызметкерлерінің 18,4 проценті абақтыда отырғандардың құқығы ұдайы қорғала бермейтінін мойындаған. Оған керісінше, қызметкерлердің 65 проценті ондай құқық қорғалатынын алға тартады. Ал 53 проценті қамаудағылардың мекен-тұрағы жалпы орын-жай нормаларына жартылай ғана сәйкесетіндігімен келіседі. 51 проценті медициналық нормаларға да жартылай сәйкеседі деген пікірде. Жобаның әлеуметтік тобының жетекшісі Зәуре Ноғайбаеваның айтуынша, тергеу абақтыларында қамауда отырғандардың құқығының толыққанды қорғалу жағдайын қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте тергеу абақтыларын ҚР ІІМ-нің құрылымынан әділет министрлігінің қарамағына беру, тергеу абақтыларының жұмысына азаматтық бақылау қою институтын құру, тергеу абақтылары қызметкерлері мен тергеушілердің кәсіби өсуіне жағдай жасау, адвокаттық қызметті тегін көрсететін қорғаушылардың еңбекақысын төлеу үшін мемлекеттік қаржы қорын құру қажет.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін