«2020 жыл Абайдың — 175, Әбу Насыр әл-Фарабидің — 1150 жылдығы және Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толуы сияқты маңызды мерекелік іс-шараларға толы. Абай – халқымыздың көрнекті ақыны және ойшылы, оның философиясы мәдени және ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігіне айналды. Мемлекет басшысы атап өткендей, жалпы республикалық жоспардың барлық іс-шаралары идеологиялық және ағартушылық жүктемені көтереді. Мерейтойдың күн тәртібі тұжырымдамалық тұрғыдан елде және шетелде Абай тұлғасының жаһандық ауқымын кеңінен танымал етуге арналған идеологиялық-мазмұнды және сапалы іс-шараларды өткізуге негізделеді», — деді Ақтоты Райымқұлова Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда Абай тойын өткізу бойынша өңірлік жоспар бекітілген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылған.
«27 қаңтарда Чех Ұлттық кітапханасында Абай атындағы мәдени-ақпараттық орталық ашылды. Осындай орталықтар Будапешт және Братислава қалаларында ашылады», — деді ол.