Бүгін таңертең Семейге келген С.Стивенсон бірден Азиялық несиелендіру қорына барды. Ол осы қор арқылы қатерлі ісік дертіне қарсы күрес диспансеріне ақша аударған екен. Ал түстен кейін Еуропарламент депутаты диспансер ұжымымен жүздесіп, 25 мың АҚШ долларына чек жазып табыс етті.
Онкодиспансер директоры Марат Сандыбаевтың айтуынша, бұл қаржы сүт безі мен қалқанша бездің қатерлі ісігіне диагноз қоюға арналған портативті УЗИ -аппаратын сатып алуға жұмсалған. С.Стивенсон осы аппараттың тұсаукесеріне қатысып, онкодиспансердегі жұмыс ахуалының айтарлықтай жақсара түскенін атап өтті.
«Осыдан 20 жыл бұрын алғаш осы өңірге келген кездегі диспансердің мүшкіл ахуалы әлі есімде. Ал бүгін куәгер болған ахуалға мен дән ризамын. Қызметкерлердің жұмысына деген жанқиярлығы мені айрықша таңдандырады»,- деді С.Стивенсон.