Құрама тізгінін сәуір айында ұстаған Евгений Пусиков қазір соңғы оқу жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Маусымның 17-сіне дейін созылатын бұл шараға 23 футболшы шақырылып отыр. Бас бапкер «Астана арена» стадионындағы бұл кездесуге олардың 17-сін іріктеп алды. Ал жаттығу жиынына келе алмаған Пермнің «Звезда» командасында өнер көрсететін қақпашы Ирина Саратовцева құрамаға маусымның 18-і күні қосылмақ. Қазіргі таңда 4 ойынның қорытындысы бойынша өз тобында көш соңында келе жатқан қазақстандық аяқдопшылар былтыр қыркүйектің 24-і күні сырт алаңда израильдіктерге 1:0 есебімен есе жіберген еді. Қарымта кездесуге оларды енді Е.Пусиков әзірлеп отыр.
Қазақстандықтар бұған дейін соңғы ойынын наурыздың 28-інде өз алаңында ресейліктермен өткізіп 0:6 есебімен ойсырай ұтылды. Израильдіктер болса одан бір күн бұрын сырт алаңда швейцариялықтарға осындай есеппен есе жіберді. Олар 5 ойынның төртеуінде жеңіліс тапса, қазақстандықтар 4 ойынның төртеуінде де ұтылып қалды. Қазір көш басындағы Ресей (4 ойын) мен Швейцарияда (5 ойын) 12 ұпай, Ирландияда (6 ойын) 9 ұпай, Израильде (4 ойын) 3 ұпай болса, ал Қазақстан қоржыны (4 ойын) әлі бос тұр.